Жасұлан Бисембиев Атырау облысы әкімінің орынбасары қызметінен кеткенін мәлімдеді. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Бисембиев туған өңіріне қызмет ету өзіне үлкен жауапкершілік әрі маңызды тәжірибе болғанын атап өтті.
"Маған туған өлкем – Атырау облысына қызмет ету үлкен мәртебе, маңызды өмір мектебі және зор жауапкершілік болды", – деп жазды Жасұлан Бисембиев.
Ол әріптестеріне, қала және аудан әкімдіктеріне, мемлекеттік мекемелер қызметкерлеріне, қоғамдық белсенділер мен өңір тұрғындарына бірлескен жұмыс пен қолдау үшін алғыс білдірді.
Жасұлан Бисембиев Атырау облысы әкімінің орынбасары қызметіне 2022 жылғы тамызда тағайындалған. Бұл қызметте әлеуметтік сала, экономика, бюджет және өзге де бірқатар бағытқа жетекшілік етті.
Бұған дейін ол Атырау облыстық Ішкі саясат басқармасын, Жастар саясаты мәселелері басқармасын басқарған. Сондай-ақ Атырау қалалық Жастар ресурстық орталығының директоры қызметін атқарған.
Еңбек жолын 2008 жылы "Жасыл ел" жастар еңбек жасағының Атырау филиалында бастаған. Кейін қоғамдық ұйымдарда, мемлекеттік мекемелерде және жеке секторда түрлі қызмет атқарды.
Жасұлан Бисембиев Атырау политехникалық колледжін "Бухгалтерлік есеп және аудит", Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін "Қаржы" мамандығы бойынша тәмамдаған. Сонымен қатар Астрахань мемлекеттік университетінде әлеуметтану мамандығы бойынша магистр дәрежесін алған.