Әрине, адамның ой еңбегі мен дене еңбегіне қатысты алғанда кез келген ғылыми, технологиялық жаңалықтың пайдалы жағын бірінші қарастыратынымыз анық. Жасанды интелект ұғымына қатысты да осындай пікірдеміз. Алайда...
Жасанды интелект дәуіріне дендей енген дамыған өркениет жаңа қатерлермен қатар шектеусіз сұраныспен де бетбе-бет келіп отырғанын айтуымыз керек. Алдымен, технологиялық үдеріс туғызатын сұраныс туралы сараптап көрелік. Жақында жасанды интеллект ұғымына жалпыадамзаттық ауқымда өзгеріс енгізген OpenAI компаниясы ChatGPT үлгісінің 3-модельін жасап шығарды. Бұл үлгі ғаламшар тұрғындарының үштен екісі қолданып жүрген ең озық жасанды интелект бағдарламасы саналады екен. Қазір смартфон қолданатын әр қазақтың жүгінетін жасанды интеллект моделі де осы ChatGPT екені даусыз. Сарапшылар ChatGPT қолданысқа енгелі бері елімізде интелектуалдық бағыттағы өнімдердің туындауы мен тұтынымы күрт өскенін айтады. Әрине, шығармашылық тұрғыдағы өнімдердің сапасы туралы сөз басқа. Бізді басқа жағы қызықтырады.
Мысалы, сіз OpenAI компаниясының ChatGPT-3 моделін жасап, қолданысқа беруі үшін ғылыми-зерттеу ізденісінен бөлек, қисапсыз энергетикалық тәуекелдермен бетбе-бет келгенін білесіз бе?
"Ғылым-білім бар жұрттар" телеграмм арнасының зерттеуінше, OpenAI компаниясының аталған моделдің мүлтіксіз жұмыс істеуіне қажетті арнайы жаттығу кезеңінде ғана көп қуат тұтынған. Осы кезде жұмсалған электр қуаты Америка тұрғындарының бір тобы жылдар бойы тұтынатын энергия мөлшерінен асып кеткен көрінеді. Мысалы, ChatGPT алғашқы практика кезінде ғана толық күшінде жұмыс істеу үшін 130 жеке тұрғын үй бір жыл бойы тұтынатын энергияға тең жарық қуатын жұтқан.
"Жасанды интеллект энергияны көп қажет етеді. Мысалы, адам миы небәрі 12 ватт энергия тұтынса, жасанды интеллектіге осыған ұқсас когнитивті үдерістерді іске асыру үшін 2,7 миллиард ватт қажет. Бұл шамамен 18 миллион ноутбукті бір уақытта қосумен тең..." дейді АҚШ ғалымдарына сілтеме жасаған "Ғылым-білім бар жұрттар" телеграмм арнасы.
Әсіресе, жасанды интеллект арқылы жасалған суреттер мен видеолар көп энергияны қажет етеді екен.
Айтпақшы, энергия көзінен бөлек, ЖИ дерекқор орталықтары тұщы су тұтыну мөлшері бойынша да адамнан "озып" тұр. Салыстырмалы түрде айтсақ, жасанды интеллектің бағдарлама орталығы мүдірмей жұмыс істеуі үшін күн сайын 4200 адам тұтынатындай мөлшердегі су көзін пайдаланады екен.
Осы жерде заңды сұрақ туады. Жасанды интеллект қолданысын арттыру жұмысын мемлекет дамуының басты бағыты етіп белгілеген Қазақстан үшін қандай тәуекел бар? Немесе біздің ел ЖИ орталықтарын жаппай дамытуға қажетті тұтыным сұранысын қаншалықты өтей алады? Ең қиыны, еліміздің ғалымдары жасанды интеллекті дамыту кезеңіндегі сындарлы факторлар туралы тұщымды талдаулар жасай алмай отыр. Тіпті, ЖИ жұмысын реттейтін дата-орталықтардың жұмысына жұмсалатын энергетикалық шығын турасында есептеулер жоқ.
Дегенмен, ашық дереккөздердегі мәлімет бойынша, еліміздің бір жыл ішіндегі электр энергиясын пайдалану көлемі шамамен 115 миллиард кВт.сағатты құрайды екен. Кейбір есептеу бойынша, елімізде энергия тапшылығы жыл сайын артып келеді. Мысалы, 2023 жылы өндірілген электр энергиясының көлемі 112,82 млрд кВт.сағат мөлшерінде болса, тұтыну шығыны 115,07 млрд кВт.сағат көлемінен асқан. Жалпы, еліміз үшін энергетикалық қауіпсіздік мәселесі әлі де өткір. Көптеген аймақта көрші елдердің жарық жүйелеріне тәуелділік әлі де сақталып отыр.
Сондай-ақ, су мәселесінде де проблема жеткілікті. Бұл жерде жасанды интеллект ұғымына дейін де тұрғындарды тұщы сумен қамтуды толықтай шеше алмағанымызды жасырмауға тиіспіз. Яғни, ауыз су тапшылығын жоя алмай отырған елде ЖИ орталықтарына қажетті орасан мөлшердегі тұщы суды қайдан табатынымыз түсініксіз...
Ал статистика қазір қалада тұратын әрбір адам күніне 167 литр су, ал ауылдықтар 68 литр су тұтынатынын айтады. Жалпы, тәуелсіз деректер бойынша Қазақстанда жан басына шаққандағы су шығыны күн сайын 3500 литрге жетеді екен.
Қалмаханбет Мұқаметқали.