Қазақстанға әсері қандай: Ресей бизнесінің қаржылық жағдайы нашарлап барады...
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
ҚР, Астана қаласы, Әбікен Бектұров көшесі, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Жарнама мен ұтыс арқылы байлыққа кенелмек болған: Жанабыловтар мен Чекалиндердің тағдыры ұқсас па

Жарнама мен ұтыс арқылы байлыққа кенелмек болған: Жанабыловтар мен Чекалиндердің тағдыры ұқсас па
Фото: ашық дереккөз

Балалы-шағалы блогерлер – Ерболат пен Эльмира Жанабыловтар Қазақстанда шу шығарып, 11 автокөлікті ұтысқа тікеннен кейін артынша бастары дауға қалып, Қаржылық мониторинг агенттігінің қаһарына ұшыраған.

Сот үкімі шыққаннан кейін блогерлер қазір ажырасу үстінде жүргені белгілі болды. Әлемдік жаңалықтарға көз жүгіртіп қарасақ, ресейлік блогер отбасы – Артем мен Валерия Чекалиндер да дәл осындай жағдайды бастан кешіріпті.

Жалғанды жалпағынан басқан блогерлер

Ерболат пен Эльмира Жанабыловтардың түрлі даулы жағдайлардың ортасында жүргені әу бастан белгілі. Мәселен, 2021 жылы Астананың қақаған қысында дүйім жұртты қаланың қақ ортасына жинап, гүл дүкенінің ашылуына байланысты ұтыс өткізген. Оның шарты бойынша көрсетілген нөмірге кім бірінші хабарласса, сол су жаңа автокөліктің иесі атануы керек еді. Ал ең сорақысы, барған жұрт сол маңайға өшіретін арнайы аппарат орнатылған болуы мүмкін екенін, сол себепті ешкім хабарласа алмағанын айтып шағымданғандар болды.

Жалғанды жалпағынан басқан блогерлердің бұл ісі қитұрқы әрекеттерінің басы әрі соңы емес еді. Дегенмен 2025 жылы ұйымдастырған ауқымды ұтыс ойыны олардың өмірін күрт өзгертіп жібергені анық. Жалпы саны 11 Hyundai Elantra автокөлігін, одан қала берді iPhone телефонын ұтысқа тіккен. Ал шарты қарапайым, өздері ұйымдастырған 30 мың теңгелік курсты сатып алу қажет. Сатып алғандар арасында осы жүлделер ойнатылады.

Олардың осы ұтысы Қаржылық мониторинг агенттігінің назарына ілігіп, заңсыз ұтыс өткізгендері үшін істері сотқа жеткен. Салдарынан ұтысқа тіккен көліктері тәркіленіп, өздеріне қатысты үкім шықты. Ол бойынша Ерболат Жанабылов 2 жылға бас бостандығынан айырылды, жаза шартты түрде тағайындалып, мүлкі тәркіленеді. Ал Эльмира Төлегенова 2 жылға қауіпсіздігі төмен мекемеде жазасын өтеуге сотталды. Алайда оның кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты жазаны өтеу мерзімі 2 жылға кейінге шегерілді.

Айыптау тарапы бұған дейін екі айыпталушыға 4 жылдан бас бостандығынан айыру жазасын сұраған еді, бірақ сот отырысы барысында мәмілеге келу нәтижесінде жаза жеңілдетіліп, кейін прокурор оны 2 жылға дейін қысқартты.

Осыдан кейін блогерлердің арасында жанжал туындап, өткен түні Эльмира Жанабылова киім ауыстыру бөлмесіне тығылып отырып, күйеуімен ажырасу процесі үстінде екенін ашық айтып, видео жариялаған. Сол сияқты күйеуінің қоқан-лоқы жасап жатқанын жеткізіп үлгерді.

Олардың бұл жағдайын Астана қаласының Полиция департаменті назардан тыс қалдырмай, Ерболат Жанабыловтың жауапқа тартылғанын хабарлады.

«30 қыркүйек күні түнгі уақытта әлеуметтік желілерден Астана қаласының шағын аудандарының бірінде отбасылық-тұрмыстық жанжал туралы хабарлама түсті. Полиция келген кезде оқиға расталды. Ерлі-зайыптылар арасында дау шығып, оның барысында күйеуі телефонын тартып алып, әлеуметтік желідегі стористерін өшірген. Жәбірленуші шара қолданбау жайлы арыз берді, профилактикалық әңгіме жүргізілді. Медициналық куәландыру бойынша екеуі де сау. Күйеуіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды», – деп хабарлады полиция.

Артем мен Валерия Чекалиндер де соттан кейін ажырасып кетті

Әлемдік ақпараттарға назар аударсақ, теріскейдегі Ресей елінде де осыған ұқсас жағдай болған. Үш баласы бар Артем мен Валерия Чекалиндердің 12 жылдық некесі сотты болғаннан кейін үзілген. Олар 250 млн рубльден аса ақшаны жалған құжаттар арқылы шетелге шығарды деген күдікке ілініп, кейін олардың заңға қайшы әрекеттері сот барысында расталған.

Олар құрап шығарған косметикалық бренд компаниясы арқылы миллиардтаған табыс таппақ болған. Алайда олардың да бұл ойы іске асқан жоқ.

2026 жылдың сәуір айында Мәскеу соты Артем Чекалинді 7 жылға соттап, 194,5 млн рубль айыппұл салған. Оның адвокаты бұл үкімге шағым түсіретінін айтқан. Ал Валерияға денсаулығына байланысты жеңілірек жаза берілді. Ол 5 жылға шартты түрде сотталып, айыппұл арқалады. Мәліметтерге сүйенсек, асқазанынан 4-деңгейдегі қатерлі ісік анықталып, оның басқа органға метастаз бергені айтылды. Дегенмен оқырмандары оның диагнозына күмәнмен қарайтынын жасырған жоқ, блогердің спортзалдарға жиі баратыны айтылады.

Бұл жұп сот процесіне байланысты 2024 жылы ресми түрде ажырасып кетті. Артем түрмеде жатса, Валерия жаңа сүйіктісін жолықтырып, сәби күтіп жүргені хабарланған.

Ерболат пен Эльмира Жанабыловтар мен Артем мен Валерия Чекалиндердің өміріне назар аударсақ, ұқсастық өте көп. Екі жұп та ұтыс өткізіп, шексіз байлыққа кенелмек болған. Екі жұп та заң бұзғаны үшін сотталып, бірі ажырасса, енді бірі сол жолда жүр.

Автор
Айгерім Асылова

Айгерім Асылова – Kznews.kz сайтының тілшісі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі, республикалық порталдарда жұмыс тәжірибесі бар журналист.