Испанияның Оренсе провинциясындағы Альярис қалашығында тұрғын үйдің гаражындағы мұздатқыштан жаңа туған сәбидің денесі табылды. Алдын ала болжам бойынша, нәресте 20 жылдан астам уақыт бұрын қайтыс болған болуы мүмкін, деп хабарлайды kznews.kz.
Алғашқы сараптама сәбидің ана құрсағында 32–34 апта дамығанын көрсеткен. Мамандар оның туғаннан кейін тыныс алған болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Алайда өлімінің нақты себебі әзірге белгісіз.
Қазір құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Отбасының айналасындағы бірнеше адамнан жауап алынған. Ал нәрестенің биологиялық ата-анасын анықтау үшін ДНҚ үлгілері Мадридтегі зертханаға жіберілген.
Тергеушілер сәбидің басқа жерде көз жұмып, мұздатқыштың кейінірек Оренседен Альяриске жеткізілуі мүмкін деген болжамды да қарастыруда.
Қылмыстық іс материалдары Оренсе сотына жолданды. Енді сарапшылар нәрестенің тірі туған-тумағанын және өлімінің қасақана әрекеттен не босанғаннан кейін тиісті күтімнің болмауынан болғанын анықтауы керек.
Тергеу барысында оқиғаның мерзіміне қатысты да мәселе туындаған. Егер сәби шынымен 2000 жылдардың басында қайтыс болса, Испания заңнамасындағы кейбір қылмыстар үшін белгіленген 20 жылдық ескіру мерзімі өтіп кетуі ықтимал.
Әзірге нәрестенің кім екені мен өлімінің нақты себебі анықталған жоқ. Тергеу жалғасып жатыр.