KZNews.kz
Аймақ

Жамбыл облысында 6 жастағы бала көз жұмды: туыстары дәрігерлерді айыптап отыр

Азамат Қойшығара
Midjourney

Жамбыл облысындағы ауылдардың біріндегі ауруханада 6 жастағы бала қайтыс болды. Марқұмның туыстары оның өліміне медицина қызметкерлерін кінәлап отыр.

Бала 29 қыркүйекте сырқаттанып қалған. Туыстарының айтуынша, олар учаскелік дәрігерге жүгінгенімен, ешқандай көмек көрсетілмей, үйлеріне қайтарылған.

«Тек 7 қазанда, әжесі тізерлеп жалынып сұрағаннан кейін ғана баланы ауруханаға жатқызды. Бірақ диагноз қойылмады. Барлық ем “Креон” дәрісін берумен ғана шектелді. Бүгін, 10 қазан күні біз баламыздан айырылдық», – дейді марқұмның туыстары.

Сондай-ақ, отбасы мүшелері баланың ауру тарихын беруді сұрағанымен, құжатты ала алмағандарын айтады.

Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы жағдайға қатысты пікір білдірді.

«6 жастағы бала 7 қазаннан бастап “госпитализация порталы” арқылы жоспарлы түрде ауруханаға жатқызылды. Клиникалық хаттамаға сәйкес тексерулер мен ем жүргізілді. Бала ауруханаға түскен кезде жағдайы орташа ауырлықта болған. 10 қазан күні сағат 06:55-те бала кенеттен көз жұмды», – деді ведомство өкілдері.

Басқарманың мәліметінше, қазіргі уақытта өлім себебін анықтау үшін ішкі тексеру және сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр.

«Ішкі тергеу басталды. Полицияға хабарлама жіберілді, сот-медициналық сараптама тағайындалды. Нәтижелер дайын болған соң толық ақпарат беріледі», – деп мәлімдеді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Азамат Қойшығара
Автордың басқа материалдары