KZNews.kz
Қоғам

Жемқорлыққа нөлдік төзімділік: «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясынан жауап келді

Фото: ашық дереккөздерден

Бұған дейін сайтымызда "АвтоЦОНдағы" жемқорлық: мемлекеттік корпорацияның мұнысы несі?"(https://kznews.kz/article/avtocondagy-zemqorlyq-memlekettik-korporaciiasynyn-munysy-nesi) деген тақырыпта материал жарияланған болатын.

Онда біз кейінгі кездері «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясының мамандандырылған бөлімдеріне қатысты мәлім болған жемқорлық деректеріне тоқталғанбыз. Ашық дереккөздердегі мәліметтер негізінде жазылған мақалада халықпен тікелей жұмыс істейтін саладағы заң мен тәртіп қағидасының жүзеге асуына қатысты қоғамды алаңдатқан сұраққа жауап іздеген едік.

Тақырыпқа орай «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясынан жауап келді. kznews.kz сайтының редакциясы жедел түрде кері байланысқа шыққан мекеменің басшылығына оқырмандар атынан ризалығын білдіре отырып, жауап мәтінін толық жариялауды ұйғарды.

Бұған дейінгі kznews.kz сайтының жарияланымына жауап ретінде (https://kznews.kz/article/avtocondagy-zemqorlyq-memlekettik-korporaciiasynyn-munysy-nesi) «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы төмендегіні хабарлайды.

Жарияланымда аталған Қызылорда, Шымкент және Талдықорған қалаларындағы мамандандырылған ХҚКО-лардағы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарына қатысты барлық фактілер Мемлекеттік корпорацияның тікелей қатысуымен және жәрдемдесуімен анықталып, белгіленген тәртіппен құқық қорғау органдарына жолданды.

«Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне нөлдік төзімділік қағидатын ұстанады. Мемлекеттік корпорацияның қауіпсіздік қызметі тұрақты негізде қызметті мониторингтен өткізіп, кез келген күмәнді фактілерге назар аударады, оларды тіркейді және құқықтық баға беру үшін тиісті материалдарды жедел түрде құқық қорғау органдарына жолдайды.

Осылайша, 2023 жылы Мемлекеттік корпорация 64 материал жолдады, олардың 9-ы бойынша қылмыстық іс қозғалды. 2024 жылы – 90 материал, 29 қылмыстық іс қозғалды. 2025 жылы – 91 материал, олардың 26-сы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл ретте аталған материалдар тек мамандандырылған ХҚКО қызметіне ғана емес, өзге бағыттарға да қатысты екенін атап өтеміз.

Сонымен қатар, Қызылорда қаласындағы іс бойынша заңды күшіне енген сот шешіміне сәйкес, қылмыстық жауапкершілікке тартылған тұлғалар Мемлекеттік корпорация қызметкерлері болып есептелмегенін ерекше атап өтеміз.

Жалпы алғанда, Мемлекеттік корпорацияда жүргізуші куәліктерін заңсыз берудің алдын алу және көлік құралдарын басқару құқығына емтихан қабылдау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға бағытталған жүйелі шаралар кешені іске асырылуда. Негізгі басымдық цифрландыруға, рәсімдердің ашықтығына және адами факторды болдырмауға берілген. Қабылданып жатқан шаралар шеңберінде ХҚКО 2.0 интеграцияланған ақпараттық жүйесін мәліметтерді тек электронды форматта қабылдайтын «Автомектеп» автоматтандырылған ақпараттық жүйесімен интеграциялау нәтижесінде автомектепті аяқтау туралы жалған куәліктер ұсыну мүмкіндігі жойылды және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерімен интеграция нәтижесінде 073/у нысанындағы жалған медициналық анықтамалардың түпнұсқалығын автоматты тексеру арқылы жалған медициналық анықтамаларды пайдалану мүмкіндігі жойылды. 

 Мұнан бөлек, емтихан сыныптары металл іздегіштермен, радиотолқындарды басу құрылғыларымен және тыйым салынған заттарды анықтау датчиктерімен жабдықталып, емтихан сыныптарындағы компьютерлерге деректердің таралуын болдырмау үшін қашықтан қол жеткізуді бұғаттайтын жүйе (DLP) орнатылған. Жүйе әкімшілері тарапынан емтиханға араласудың алдын алу мақсатында артықшылықты пайдаланушылардың әрекеттерін бақылау жүйесі (PAM) енгізілді. Ал алғашқы жүргізуші куәліктерін алу үшін «ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы онлайн жазылуды енгізу арқылы кезек бойынша жасалатын манипуляциялар жойылды. 

 Бұл бағыттағы жұмыстарға қоғамдық бақылау тетігі енгізілді, атап айтқанда мамандандырылған ХҚКО-лардың күту залдарында және ресми YouTube-арнада теориялық емтихандарды нақты уақыт режимінде трансляциялау мен «ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы мамандандырылған ХҚКО-ға бармай-ақ, міндетті биометриялық сәйкестендіруден өтіп, алғашқы жүргізуші куәлігін алуға өтініш беру мүмкіндігі іске асырылды.

Сайти жарияланымда айтылған Қазақстан Республикасына әкелінетін жүк көліктерін Талдықорған қаласының мамандандырылған ХҚКО-сында заңсыз заңдастыру фактілеріне қатысты оқиғалар 2022–2023 жылдары орын алғанын хабарлаймыз. 2024 жылы Мемлекеттік корпорация көлік құралдарын заңсыз тіркеу мүмкіндігін болдырмауға бағытталған қосымша шараларды қарастырып, енгізді.

Атап айтқанда, келесі шешімдер іске асырылды: «ҰАТ» АҚ сервистерімен интеграция. ҚР ІІМ-нің 2014 жылғы 2 желтоқсандағы №862 бұйрығымен бекітілген Қағидаларға сәйкес, көлік құралдарын ХҚКО 2.0 интеграцияланған ақпараттық жүйесінде (ХҚКО 2.0 ИАЖ) бастапқы тіркеу кезінде «ҰАТ» АҚ сервистерімен интеграция арқылы көлік құралының электрондық паспортының болуы міндетті түрде тексеріледі.

Бұл талап 2024 жылғы 20 қазаннан бастап заңды тұлғалар үшін, ал 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап жеке тұлғалар үшін қолданылады. Осы бағытта халықаралық автомобиль тасымалдары мәселелері бойынша eLicense жүйесімен интеграция жасалуда. ХҚКО 2.0 ИАЖ-да электрондық лицензиялау жүйесімен интеграция іске асырылды. Бұл көлік құралдарын тіркеу кезінде халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыруға рұқсаттың бар-жоғы туралы мәліметтерді автоматты түрде алуды қамтамасыз етеді, бұл көлік құралдарын заңсыз кіргізудің және кейін оны тіркеудің алдын алуға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік кірістер комитетінің жүйелерімен интеграци жүзеге асты. Бастапқы тіркеу кезінде көлік құралдарының сипаттамаларын операторлар тарапынан өңдеу мүмкіндігінсіз автоматты түрде толтыру үшін көлік құралдарының электрондық паспорттарын және кедендік төлемдерді тексеруге арналған деректер қолданылады. Нәтижесінде қағаз түбіртектерді қабылдау алынып тасталды. Мемлекеттік баждардың төленгенін салыстырып тексеру процесі цифрландырылды. Мемлекеттік баждарды төлеу процесі электрондық үкіметтің төлем шлюзімен және қаржы ұйымдарымен интеграциялау арқылы автоматтандырылды, бұл қағаз түбіртектерден бас тартуға мүмкіндік берді. Төлемдер ҚР ІІМ жүйесімен тексерілгеннен кейін расталып, есептен шығарылады. Қазіргі уақытта бұл тәсіл жол қауіпсіздігі саласындағы қызметтер үшін қолданылады, ал болашақта оны басқа мемлекеттік қызметтерге кеңейту жоспарлануда.

Айта кету керек, Мемлекеттік корпорация алдағы уақытта да бақылау шараларын жүйелі түрде күшейтіп, процестердің барынша ашықтығын қамтамасыз етуді жалғастырады.

Қалмаханбет Мұқаметқали
Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте баста...
Автордың басқа материалдары →