Әлеуметтік желілерде Қазақстанда қалыңдықты алып қашу әрекеті болуы мүмкін деген бейнежазба қызу талқыға түсті. Жазбаны таратушылардың мәліметінше, оқиға еліміздің өңірлерінің бірінде болған, деп хабарлайды kznews.kz.
Кадрлардан жас қыздың бір жерден кетуге әрекет жасағаны байқалады. Алайда жанында тұрған бірнеше адам оны жібермей, ұстап қалған. Бейнежазбаның нақты қай жерде және қашан түсірілгені әзірге белгісіз.
Желі қолданушылары видеоға қатысты түрлі пікір білдіріп жатыр. Көпшілігі егер бойжеткеннің некеге тұруға немесе сол жерден кетпеуге ерікті түрде келісімі болмаған жағдайда, мұндай әрекетті салт-дәстүрмен ақтауға болмайтынын атап өтті.
Айта кетейік, Қазақстанда адамды некеге тұруға мәжбүрлеу қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Қолданыстағы Қылмыстық кодекстің 125-1-бабына сәйкес, адамды күш қолдану арқылы некеге тұруға мәжбүрлеген жағдайда кінәлі тұлғаға үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Ал егер бейнежазбадағы әрекеттердің адамды заңсыз алып кету белгілері бар екені анықталса, істің құқықтық саралануы өзге баптар бойынша да қаралуы ықтимал. Мәселен, Қылмыстық кодекстің 125-бабында адам ұрлағаны үшін төрт жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Қазіргі уақытта оқиғаның нақты мән-жайы, бейнежазбаның түсірілген орны мен уақыты, сондай-ақ кадрдағы адамдардың кім екені туралы ақпарат нақтыланған жоқ.
Осыған байланысты видеодағы жағдайды нақты «қалыңдықты алып қашу» деп айтуға әзірге ерте. Ресми органдар тарапынан қосымша ақпарат берілген жағдайда, оқиғаның құқықтық бағасы да нақтылануы мүмкін.