Әнші Жазира Байырбекованың бауыры Назира Байырбек жұбайының опасыздығы туралы не себепті ашық айтқанын түсіндірді.
Ол әлеуметтік желідегі парақшасында бұл мәселені жеке реніш үшін емес, отбасындағы адалдық туралы өз ұстанымын жеткізу мақсатында көтергенін жазды.
Назираның айтуынша, оған күйеуінің опасыздығына шыдап жүрген немесе бұл мәселені ашық талқылай алмайтын әйелдерден жиі хат келеді.
«Неке адалдығын аттағанды кешірмеу керек дегенді ылғи айтып келем. Бұл – менің бүгінгі мессежім. Отбасы құндылығы ері не зайыбы сатқындық жасап, екіншісі соған төзіп, өтірік күліп жүріп өмір сүру арқылы сақталмайды, менің ұғымымда», – деп жазды ол.
Ол қоғамда опасыздықты қалыпты жағдай ретінде қабылдайтын пікірлердің барын да сынады.
«Маған да “кім алдамай жатыр, ер адамдардың көбі сөйтеді” деп жатқандар көп. Ол көп кімдер? Өз-өзін бағаламайтын не қылған көп олардың сыңарлары?» – деді Назира Байырбек.
Сондай-ақ ол адамның мінезінен немесе әрекетінен мін іздеу арқылы опасыздықты ақтауға болмайтынын атап өтті.
Назира Байырбек алдағы уақытта да неке адалдығы мен отбасы құндылығы туралы ойын ашық айта беретінін жеткізді. Оның сөзінше, ерлі-зайыптылар арасындағы сатқындыққа қоғамда қатаң көзқарас қалыптасуы керек.