Бас прокуоратура қазақстандықтарға әлеуметтік желілерде заң талаптарын сақтаудың және ақпараттық гигиенаның маңыздылығын ескертті, деп хабарлайды kznews.kz.
Ведомствоның хабарлауынша, көп жағдайда пайдаланушылар мәселенің мәніне үңілместен, тексерілмеген, кейде тіпті жалған ақпаратты таратады. Назар аударту мен «хайп» қуған жекелеген тұлғалар өз әрекеттерінің салдарын елемейді. Ал шын мәнінде, шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты жариялау бүкіл қоғам үшін қауіп факторы болып табылады. Бұл жай ғана зиянсыз әзіл немесе интернеттегі пікір емес. Мұндай әрекеттер дүрбелең туғызуы, азаматтардың іскерлік және жеке беделіне нұқсан келтіруі, сондай-ақ мемлекеттік институттардың қызметін тұрақсыздандыруы мүмкін.
Цифрлық ортада толық анонимділік жоқ. Интернеттегі кез келген әрекет «цифрлық із» қалдырады. Заманауи технологиялар ақпараттың таралу көзін анықтауға мүмкіндік береді, тіпті пайдаланушы көзге түспеймін деп ойлаған жағдайда да. Тәжірибе көрсеткендей, заңға қайшы жарияланымдар анықталып, олардың авторлары заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылады.
"Сондықтан пікір немесе жазба жарияламас бұрын оның салдарын түсіну қажет. Жала жабу, қорлау немесе көрінеу жалған ақпарат тарату заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады", - делінген хабарламада.
Бас прокуратура сөз бостандығы шексіз еркіндік емес екенін, ол басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға сылтау бола алмайтынын ескертті.
"Кез келген таратылатын ақпарат тексерілген фактілерге негізделуі тиіс, болжамдар мен жорамалдарға емес. Бұл – ақпараттық этиканың негізгі қағидаты.Заң – әрбір азаматты қорғау тетігі. Құқықтық нормаларды сақтау тұрмыста, бизнесте және медиа кеңістікте қауіпсіз орта қалыптастырады", - дейді қадағалау органы.
Қылмыстық қудалау органдары тек жауапкершілік шараларын қолдануға ғана емес, ең алдымен құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Жүйелі түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.