Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында 34 жастағы жүкті әйел ауруханаға жеткізу кезінде қайтыс болды. Марқұмның туыстары жедел жәрдем көлігінің жолдың нашарлығынан аудан орталығына кеш жеткенін айтып отыр, деп хабарлайды kznews.kz.
"Жетінші арнаның" жазуынша, Қайғылы оқиға шамамен екі апта бұрын болған. Дәрима Сағдеева өзін жайсыз сезінгеннен кейін туыстары жедел жәрдем шақырған. Медицина қызметкерлері оны аудандық ауруханаға жеткізуге әрекет жасаған.
Алайда туыстарының айтуынша, жедел жәрдем көлігі 37 шақырымдық жолды бір жарым сағатта жүріп өткен. Осы уақыт аралығында әйелдің жүрегі екі рет тоқтаған.
Марқұмның күйеуі Азамат Сағдеев жүргізушіден көліктің неге баяу жүргенін сұрағанын айтты.
«Жүргізуші тез жүре алмайтынын, көлік қатты шайқалған кезде әйелдің ауырсынудан айғайлағанын айтты. Жол жақсы болғанда, бәлкім, 15 минуттың өзі бір нәрсені өзгертер еді. Дәрігерлер жатыры жарылып, ішіне қан кеткенін айтты», – деді ол.
Ер адамның сөзінше, отбасында екі бала қалған. Олар анасының қайтыс болғанын әлі білмейді және күн сайын оны сұрайды.
Туыстары әйелдің көп қан жоғалтқанын жеткізді. Дәрігерлер шұғыл операция жасауға дайындалғанымен, науқастың өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған. Ол медициналық мекемеге жеткізілген кезде көз жұмған.
Марқұмның қайын атасы Қайрат Сағдиев отбасы мүшелері өлімге жолдың жағдайы немесе медицина қызметкерлерінің әрекеті себеп болғанын нақты айта алмай отырғанын атап өтті.
«Жолдың нашарлығынан көп уақыт жоғалттық. Екі адамның өмірі қиылды. Бұл біз үшін өте ауыр жағдай. Оған жол себеп болды ма, әлде дәрігерлердің қателігі бар ма – қазір нақты айта алмаймын», – деді ол.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тексеру басталған. Тергеу барысында әйелдің өліміне әсер еткен барлық жағдай анықталуға тиіс.
Пресновка мен Қайранкөл елді мекендерін байланыстыратын жолдың ұзындығы 98 шақырымды құрайды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жол ұзақ уақыт бойы жөнделмей, асфальты опырылып, шұрық-тесік күйге түскен.
Тұрғындар бұл мәселені бірнеше рет көтеріп, әлеуметтік желіге жолдың жағдайы түсірілген видеолар жариялағанын айтады. Алайда бұған дейін нақты шара қабылданбаған.
Жергілікті жүргізуші Бірлік Мұхамеджановтың сөзінше, жолдың нашарлығы көлік қозғалысына кедергі келтіріп қана қоймай, түрлі жол апаттарына да себеп болып отыр.
Қайғылы оқиғадан кейін облыс басшылығы аталған жолды жөндеу мәселесін бақылауға алған.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Кеңесов жолды жөндеу жұмыстары үш кезеңге бөлінетінін мәлімдеді. Алдымен Қайранкөл ауылынан Украинский елді мекеніне дейінгі учаске жөнделмек.
Екінші кезеңде Благовещенкаға дейінгі аралық қамтылса, соңғы кезеңде жол Пресновкаға дейін жаңартылады.
Бірінші кезеңге арналған жобалық-сметалық құжат дайындалып, сараптамадан өткен. Жақын арада мердігер анықталып, құрылыс жұмыстары басталады деп жоспарланып отыр.
Солтүстік Қазақстан облысы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы бойынша республикада екінші орында. Өңірдегі жолдардың жалпы ұзындығы 8 мың шақырымнан асады.