Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев жасанды интеллект пен жаңа технологиялардың дамуы Қазақстандағы еңбек нарығына айтарлықтай әсер ететінін айтты. Бұл туралы министр Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Ертаевтың айтуынша, жасанды интеллекттің дамуы кейбір мамандықтардың жойылуына, ал көпшілігінің өзгеруіне алып келуі мүмкін. Сонымен қатар технологиялардың дамуына байланысты еңбек нарығында бұрын болмаған жаңа мамандықтар мен қызмет бағыттары пайда болады.
«Кейбір мамандықтар жойылады. Олар - мәтін өңдеушілер мен терушілер, деректерді енгізу қызметшілері, корректорлар. Мамандықтардың көпшілігі трансформацияға ұшырайды. Мүлдем жаңа қызмет бағыттары пайда болады», - деді министр Ертаев.
Сонымен бірге алдағы жылдары Қазақстан экономикасында жаңа кадрларға деген сұраныс жоғары болып қала береді. Алмастыру сұранысын қоса есептегенде, 2035 жылға қарай ел экономикасына 2,9 миллион қызметкер қажет болады. Оның 1,8 миллионы жұмысшы мамандықтарына тиесілі.
Еңбек министрінің сөзінше, кадрларға деген қажеттілік әсіресе өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы және IT салаларында жоғары болады.
«Осыған байланысты сұранысқа ие мамандықтар тізімі 51-ден 174-ке дейін жаңартылып жатыр. Бұлар - инженерия, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, биотехнологиялар, жасыл энергетика және ядролық энергетика», - деді министр Асқарбек Ертаев.
Қазір Қазақстандағы жұмыс күшінің саны 9,8 миллион адамды құрайды. Оның 9,4 миллионы жұмыспен қамтылған. Электрондық еңбек биржасындағы бос жұмыс орындарының жартысынан көбі жұмысшы мамандықтарына тиесілі.
Асқарбек Ертаев технологиялық өзгерістер жағдайында мамандарды даярлау жүйесі еңбек нарығының қажеттілігін алдын ала ескеруі керек екенін атап өтті. Ол болашағы бар мамандықтарды ертерек анықтап, қажетті біліктіліктер мен білім беру бағдарламаларын жедел жаңарту маңызды екенін айтты.
Қандай мамандықтарға қауіп төніп тұр?
Бұған дейін Еңбек министрлігі жасанды интеллектінің дамуы күнделікті ақпарат өңдеу және қайталанатын операциялармен айналысатын мамандықтарға көбірек әсер ететінін хабарлаған. Олардың қатарында хатшылар, көмекшілер, операторлар, іс жүргізушілер және есепшілер бар.