Желіде Семейдегі “Жас Ұлан” әскери мектебінде курсанттардың бір-біріне күш көрсеткен сәті бейнеленген видео тарады, деп хабарлайды kznews.kz.
Тараған кадрлар Семейдегі Шоқан Уәлиханов атындағы “Жас Ұлан” мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында түсірілгені анықталды.
Видео сюжетінде жоғары сынып оқушысы кіші курс оқушысын қылқындырып, физикалық қысым көрсетіп жатқандай көрінеді. Жәбірленуші өздігінше қорғануға тырысқанымен, әрекеті нәтиже бермейді.
Оқиғаға қатысты Абай облысының білім басқармасы ресми түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, желіде тараған бейнежазбада 2025 жылғы түлектер көрінеді. Олардың бірі бұл видеоның 2023 жылы түсірілгенін айтып, жағдайды “достар арасындағы әзіл” деп түсіндірген.
Басқарма өкілдері сол кезде педагогтар аталған оқиғадан хабардар болып, оқушылармен профилактикалық әңгіме өткізгенін атап өтті. Бейнежазбадағы екі түлек те 2025 жылдың мамыр айында лицейден түлеп ұшқан. Қазіргі таңда олардың бірі Павлодарда, екіншісі Алматыда білім алып жүр.