Білім

Жас мамандарды даярлау: «Қазақанимация» 2025 жылғы білім беру циклін аяқтады

Жас мамандарды даярлау: «Қазақанимация» 2025 жылғы білім беру циклін аяқтады

Биыл мамыр-қыркүйек айлары аралығында «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі (Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ) Қазақстандағы жас мамандарды қолдауға бағытталған кең ауқымды білім беру бағдарламасын жүзеге асырды. 

Бағдарлама аясында салалы жоғары оқу орындарының студенттері, жас аниматорлар мен креативті индустрия өкілдері үшін  шеберлік сабақтары мен практикалық тренингтер ұйымдастырылды. Сонымен қатар, тренингтердің онлайн-трансляциялары аймақтардағы қатысушылардың қосылуына мүмкіндік берді.

Бірлестік басшысы Айкен Жамбылова бұл бастама жас мамандардың кәсіби дағдыларын нығайтуға бағытталғанын атап өтті:

«Біз офлайн және онлайн форматта ыңғайлы оқу мүмкіндігін жасадық. Ең маңыздысы — көптеген қатысушылар қазірдің өзінде біздің анимациялық жобаларымызға тартылып отыр. Басты мақсатымыз — жас авторлардың халықаралық мамандардан үйреніп, кәсіби тәжірибе жинақтауына жағдай жасау. Бұл білім беру циклі қазақстандық анимацияның жаңа буынын қалыптастырудағы маңызды кезең болды», — деді ол.

Бағдарлама анимациялық жобаның толық өндірістік процесін қамтитын құрылымда жасалды: идеяны әзірлеу, драматургия, визуалды шешімдер және өндіріс жоспарлау. Қатысушылар практикалық тапсырмалар орындап, жеке жобаларына арналған бастапқы материалдар дайындады.

Білім беру циклі халықаралық мамандардың қатысумен ерекшеленді. Шетелдік эксперттер қазіргі әлемдік анимация индустриясының түрлі бағыттарын таныстырып, жас аниматорлардың кәсіби білімін арттыруға ықпал етті.

Бағдарламаны Октай Юсибов (Финляндия/Әзербайжан) ашты. Ол анимациялық жобаның питч-декін жасау әдістерін түсіндіріп, қатысушыларға идеядан презентациялық материалдарға дейінгі толық жолды көрсетіп берді.

Драматургияға арналған бөлімді Мэтью Лайон (Канада), Lakeside Animation Studios креативті директоры жүргізді. Ол оқиға құрылымы, кейіпкерлер мотивациясы және конфликтіні құру сияқты кәсіби storytelling қағидаларын үйретті.

Визуалды баяндау негіздерін Питер Нэлли (Канада) түсіндірді. Оның жетекшілігімен қатысушылар композиция, түс гармониясы, форма және атмосфера құру қағидаларын меңгеріп, алғашқы визуалды концепттерін әзірледі.

Өндірістік процестерді Юрий Степанов (Канада), Lakeside Animation студиясының негізін қалаушысы таныстырды. Шеберлік сабағы анимациялық өндірісті жоспарлау, қаржыландыру және халықаралық ко-продукция аспектілерін қамтыды.

Деректі анимация бағытында София Горя (Франция), Annecy MIFA лауреаты дәріс оқыды. Қатысушылар болған оқиғалармен жұмыс істеу ерекшеліктерін меңгеріп, деректі материалға негізделген қысқа анимациялық жұмыстар жасады.

Білім беру циклін Георгий Богуславский (Армения) қорытындылады. Оның қиық техникасы бойынша практикалық курсы барысында тыңдаушылар силуэтпен жұмыс істеу, әр кадрды жеке түсіру әдісі және қозғалыс ритмін құру дағдыларын игеріп, жеке анимациялық этюдтер дайындады.

Ұқсас материалдар

Барлығы

Жаңалықтар

Тағы жаңалық
KZNews.kz