Ұлытау облысындағы Сәтпаев қаласы мен Жезді кентін байланыстыратын облыстық маңызы бар автожолдың жағдайы тұрғындардың наразылығын туғызды, деп хабарлайды kznews.kz.
Желіде тараған бейнежазбалардан жақында ғана жөндеуден өткен жолдың көптеген бөлігінде шұңқырлар пайда болып, асфальт жамылғысының сапасы сын көтермейтіні байқалады.
Әлеуметтік желі қолданушыларының айтуынша, қыруар қаржы жұмсалған жол құрылысының нәтижесі күткендей болмаған. Тұрғындар трассаның кей тұстары «қырық жамау» күйге түскенін айтып, жолдың сапасына жауапты ұйымдардың жұмысына күмән келтіруде.
Бейнежазбаларда жүргізушілердің терең шұңқырлардан айналып өту үшін қарсы бағытқа шығуға мәжбүр болатыны көрінеді. Бұл өз кезегінде жол-көлік оқиғаларының қаупін арттырып отыр.
– Жол жақында ғана жөнделді деп қабылданды. Бірақ бүгінгі жағдайына қарасаңыз, сапалы жұмыс жүргізілді деуге келмейді. Осындай шұңқырлардан қашқан көліктер қарсы жолаққа шығады. Ертең бір ауыр апат болса, оған кім жауап береді? – деп жазды желі қолданушыларының бірі.
Тұрғындар бұл мәселеде тапсырыс беруші мен қабылдаушы ұйымдардың жауапкершілігін көтеріп отыр. Олардың пікірінше, жолдың сапасы тиісті деңгейде тексерілген болса, мұндай ақаулар пайдалануға берілгеннен кейін бірден пайда болмас еді.
Әсіресе жұртшылық тарапынан «ҚазАвтоЖолдың» жұмысына қатысты сұрақтар көбейген. Азаматтар жолдардың сапасына бақылауды күшейтіп, мердігер компаниялардың жұмысын формалды түрде емес, нақты нәтижесіне қарай бағалау қажет екенін айтуда.
Сарапшылардың пікірінше, жол құрылысы сапасының төмен болуы бюджет қаражатының тиімді игерілуіне қатысты да күмән туғызады. Өйткені мемлекеттік қаржыға салынған инфрақұрылым нысандары ұзақ жылдар бойы халық игілігіне қызмет етуі тиіс.
Тұрғындар жауапты органдардан Жезді – Сәтпаев автожолының жағдайына қатысты ресми түсініктеме беруді, құрылыс жұмыстарының сапасына тексеру жүргізуді және анықталған кемшіліктерді мердігер есебінен жоюды талап етіп отыр.