Қырғызстан елінің президенті Садыр Жапаров мемлекеттегі соңғы оқиғаларға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.
«Кабар» басылымына берген сұхбатында ол 2021 жылы өзіне сенім артқан сайлаушылардың басым дауысымен мемлекет басшысы болып сайланғанын еске салды. Оның айтуынша, Конституцияға сәйкес президент – мемлекеттің тұтастығын, халықтың бірлігін және мемлекеттік қызметтің үйлесімін сақтаудың кепілі.
«Мен бұл міндетті нақты әрі бұлжытпай атқарып келемін. Мемлекет пен халықтың мүддесі мансаптан да, достықтан да жоғары. Бәрі "Жоғарғы кеңестен" басталды. Кейбір депутаттық топтар депутаттарды шақырып алып, “Бізбенсің бе, әлде оларменсің бе?” деп екіге бөліп сұрай бастады. Депутаттар “Бұл жақ кімнің жағы, ол жақ кімнің жағы?” деп сұрағанда, олар: “Бұл жақ – генералдың жағы, ол жақ – президенттің жағы” деп жауап берген. Кейін бұл бөліну ақсақалдарға да жетті. Олар кезектен тыс сайлау өткізуді талап етіп, қол жинай бастады да, “әрекетімізді жоғары жақпен келістік” деп жұртты жаңылыстырды. Егер мен шұғыл түрде батыл қадамға бармасам, бұл қарапайым халыққа да таралып, жұрт тағы да жіктеле бастар еді. Менде депутаттарға және кейбір мемлекеттік қызметкерлерге генерал атын алға тартып: “Біздің жаққа өтпесең, генералмен сөйлесесің” деп қорқытқаны туралы нақты деректер бар. Сондықтан осындай шешім қабылданды.
Оның алдында мен досыма қоңырау шалып, жағдайды түсіндіріп, қызметтен босататынымды айтып, содан кейін ғана шешім шығардым. Менің ойымша, осылай жедел шешім қабылдау арқылы досымның өмірін де сақтап қалдым, өйткені әлгі ақсақалдар досымды дұрыс жолдан тайдыруға тырысты.
Камчыбек Ташиевтің атын қалқан еткендер депутаттарға, жауапты мемлекеттік қызметкерлерге және қоғамдағы беделді тұлғаларға барып, “генералдың жағына өтіңдер” деп үгіттей бастаған. Егер мен Камчыбек Ташиевті қызметтен босатпасам, олардың әрекетімен мемлекеттік құрылымда істейтіндердің арасында да, қоғамда да жік пайда болып, қақтығыстарға ұласуы мүмкін еді. Мемлекеттегі тұрақтылық – бәрінен жоғары», – деді Жапаров.
Ол кадр тағайындауда ешқандай бөліну болмайтынын атап өтті. Әрбір тағайындау жан-жақты тексеріспен жүзеге асады. «Ташиевтің командасы» немесе «Жапаровтың командасы» деген ұғым жоқ.
«Жапаров бір мерзім президент болады, екінші мерзім Ташиев болады» деген әңгіменің жайына тоқталған президент Қырғызстанның демократиялық ел екенін айтты.
«Елді кім басқаратынын үш адам емес, тұтас республика шешеді. Конституцияға сәйкес әр азаматтың сайлауға қатысуға құқығы бар. Президент болып халық сенім артқан, жұрт арасында беделі ең жоғары адам сайланады. Сондықтан “бір мерзім мынау, бір мерзім анау” деген секілді сөздер демократиялық қағидаттар мен саяси мәдениетке сай келмейді. Мұндай мәлімдемелер халықтың таңдау құқығын жоққа шығаруға ұмтылыс ретінде қабылданады», – деді Жапаров.
Оның айтуынша, түрліше түсіндірулерге жол бермеу үшін ол Конституциялық соттан нақты құқықтық түсіндірме беруді сұраған.
Сондай-ақ президент құқық қорғау органдары өтініш білдірген 75 адамның бастамасы қаншалықты ауқымды болғанына және оған шын мәнінде қанша адам қатысқанына құқықтық баға беретінін айтты.
«Қатысушылар саны қазір айтылып жүргеннен де көп болуы мүмкін, бірақ түпкілікті жауапты тергеу нәтижесін күтіп барып айтамын», – деді Қырғызстан мемлекетінің басшысы.