KZNews.kz
Әлем

Жапаров пен Ташиев арасындағы жікке не түрткі болды

Дархан Тоқан
Фото: Ашық дереккөзі

Министрлер кабинетінің төраға орынбасары Эдиль Байсалов соңғы оқиғаларға байланысты өз ұстанымын білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.

Оның айтуынша, соңғы бес жыл бойы президент Садыр Нұрғожоевич Жапаров мемлекеттік басқару жүйесін ең жақын серігі Камчыбек Ташиевпен аса тығыз ықпалдастықта қалыптастырып келгені ешкімге құпия емес.

«Мемлекеттік маңызы бар бірде-бір негізгі шешім ортақ кеңессіз, алдын ала талқылаусыз қабылданбайтын. Бұл — ортақ жауапкершілікке сүйенген саналы модель еді. Және мойындау керек: көптеген ішкі-сыртқы бақылаушыларды таңғалдыра отырып, бұл модель осы жылдардың бәрінде жеткілікті берік сақталды.

Бәлкім, осы модель мен қалыптасқан шешім қабылдау тәртібі халық игілігі үшін әлі де қызмет ете берер еді. Біз бәріміз жақсы білеміз: генерал Ташиев талай мәрте әрі ашық түрде президентті қолдайтынын растады. Ол мемлекеттің басшысы бағытына қолдау білдіріп, алдағы сайлауда оның қайта түсуін қолдайтынын да тікелей айтты. Қолданыстағы президенттің басталған өзгерістерді жалғастыруға толық конституциялық құқығы бар екенін атап өтті. Бұл мәлімдемелер анық, екіұшты емес және жария болды», — деді Байсалов.

Алайда, оның сөзінше, соңғы айларда жауапсыз әрекет ететін кейбір топтар, «ұшуы баяғыда тоқтаған» кәрі саясаткерлер мен «саяси банкроттар» халық генералының есімін қалқан етіп, өздерін тарихты жасайтын тұлға санап кеткен.

Жеке мақсаттарын күйттеп, олар Ташиевтің атынан сөйлей бастады, билікке жеке дәме бар-мыс делінген «әлдеқашан қабылданып қойған» шешімдерді алға тартып, алдағы билік ауысуы туралы әңгімені күшейтті. Сол арқылы қоғамда айтылмаған сөз бен жасырын текетіреске ұқсас ахуал қалыптастырып, жылдар бойы тұрақтылықты ұстап тұрған тепе-теңдікті шайқалтты. Соның салдарынан қауіпті екіұштылық пайда болды: қоғам ішінде «қос билік бар екен», «мерзімінен бұрын сайлау керек», «қазіргі билік легитимді емес» деген әңгімелер өршіді.

«Дәл осы арандатушылар мен олардың жасырын емес амбициялары Садыр Жапаров пен Камчыбек Ташиевтің арасын ажыратып, енді ол бүкіл қоғам мен мемлекеттің өзіне жік түсіру қаупін төндірді. Бұл мемлекет үшін жол берілмейтін жағдай. Билік айқын болуы керек: Конституцияда нақты айқындалған, жауапкершілік бір орталықта шоғырлануы тиіс.

Президент Садыр Жапаров Қырғыз Республикасының халқына және Конституциясына ант берген. Оның ең жоғары міндеті — мемлекеттің тұтастығын сақтау, тұрақтылықты қорғау, Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету және қандай да бір түрде билікті заңсыз иемденуге жол бермеу.

Біз өткеннің қателігін қайталамауымыз керек: маңызды мемлекеттік шешімдерді екі адамның жеке достығын немесе эмоциялық түсіндірулерін талқылауға айналдыруға болмайды. Президент тек Қырғыз Республикасының халқына және Конституциясына қызмет етуі тиіс. Ешқандай жеке байланыс, бұрынғы еңбектер, бейресми келісімдер оның антының үстінде тұра алмайды», — деді Байсалов.

Оның айтуынша, саяси жағынан кемел қоғам ретінде біз мемлекет үшін аса маңызды мәселелерді екі адамның жеке қарым-қатынасына тіреп қоюға жол бермеуіміз керек.

«Қосымша айтарым: соңғы жылдары мемлекеттік басқару жүйесінде — үкіметте де, жергілікті жерлерде де — белгілі бір теңгерімсіздік пайда болғанын ашық мойындауға тиіспіз. Кейбір функциялардың мемлекеттік қауіпсіздік органдарында шектен тыс шоғырлануы сол құрылымның жекелеген өкілдеріне өзін заң құралы емес, “тәртіп орнату” деген беделге сүйеніп, өкілет шегінен асып кетуге итермеледі. Бұл қоғамда қорқыныш пен қудалау атмосферасын қалыптастырды. Мұны азаматтық қоғам да, кәсіпкерлер қауымы да, жастарымыз да әділ сынға алып отыр.

Тарихымызда біз заңдылық пен құқықтық нормаларды бұлдыратып, оны “саяси қажеттілікпен” алмастырған кезеңдерді өткердік. Заң үстемдігі қағидасы бұзылса — конституциялық мемлекеттің іргесі шайқалады.

Қандай да бір “ізгі ниетпен” ақталса да, кеткен асыра сілтеулер Конституциямыздың рухына сай емес. Қырғыз Республикасы — құқықтық мемлекет және әрбір азаматтың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға міндетті. Белгілі бір органдарға өзіне тән емес өкілет беру, институционалдық теңгерімсіздік кезеңі өткеннің еншісінде қалуы керек. Біз әр орган тек өзіне нақты белгіленген функция шеңберінде әрекет ететін кемел құқықтық мемлекетке қарай жүруіміз қажет», — деді ол.

Байсалов өз кезегінде елдің саяси тарихындағы белгілі бір кезеңнің дәл осылай аяқталғанына өкініш білдіріп, мұның бәрі көпшілік үшін күтпеген жағдай болғанын айтты. Дегенмен, оның пайымынша, бұл екіұштылық кезеңі бәрібір аяқталуға тиіс еді. Ол генерал Ташиевтің бейбітшілік пен тұрақтылыққа шақырғанын, қандай да бір заңсыз әрекеттен бас тартқанын атап өтіп, соған лайық баға беру керектігін жеткізді.

«Бүгін Қырғызстанның алдында ауқымды міндеттер тұр. Бізге ірі халықаралық іс-шаралар өткізу және тәуелсіздігіміздің 35 жылдығын лайықты атап өту қажет. Мұның бәрі тыныш, тұрақты, сенімді жағдайда өтуі тиіс. Президент сайлауы белгіленген мерзімде — келесі жылдың қаңтарында өтуі керек.

Бүгін бізге бүкілхалықтық сайлаумен келген президент Садыр Жапаровтың төңірегіне топтасу, заңдылықты, конституциялық тәртіпті және орнықты тұрақтылықты күшейту бағытын қолдау, Қырғызстанның болашағы үшін басталған істі жалғастыру қажет», — деп түйіндеді Байсалов.

Дархан Тоқан
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →