Қырғызстан Конституциялық сотына ел президенті Садыр Жапаровтың ұсынысы түсті, деп хабарлайды kznews.kz.
Мемлекет басшысы қолданыстағы президенттің өкілеттік мерзіміне және кезекті не мерзімінен бұрынғы сайлауды тағайындау тәртібіне қатысты Конституция нормаларын ресми түрде түсіндіруді сұраған.
Ұсыныста айтылғандай, қоғамда және заңгерлік ортада 2010 жылғы Қырғызстан Конституциясы мен 2021 жылғы 11 сәуірдегі референдумда қабылданған жаңа Конституция туралы заң нормаларын қолдану мәселесіне байланысты түрлі пікірлер қалыптасқан. Сарапшылар бұл баптарды әрқалай түсіндіруге болатынын, соның салдарынан құқықтық белгісіздік туындап отырғанын алға тартады.
Әсіресе, президенттік мерзімнің нақты қашан басталатыны, қанша уақытқа созылатыны және кезекті немесе мерзімінен бұрынғы сайлау қай мерзімде өтуі тиіс деген сұрақтар төңірегінде түсініспеушілік бар. Мұндай қайшылықтар саяси талас-тартысқа ұласып, билікке деген сенімге әсер етуі мүмкін екені айтылуда.
Осыған байланысты Жапаров Конституциялық соттан даулы нормаларға ресми түсіндірме беріп, сайлау өткізу тәртібі мен мерзімін нақтылауды өтінді. Істі қарау 17 ақпанға жоспарланған.
Айта кетейік, бұған дейін Жапаров өзінің жақын серігі, Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Қамчыбек Ташиевті барлық лауазымынан босатқан болатын. Президенттің баспасөз қызметі бұл шешім мемлекеттің тұтастығын сақтау және қоғамдағы, соның ішінде мемлекеттік құрылымдар арасындағы алауыздықтың алдын алу мақсатында қабылданғанын мәлімдеген.