Атақты Disney студиясының "Арыстан патша" ("Король Лев") анимациялық фильмін жасаған режиссерлердің бірі Роджер Аллерс 76 жасында дүниеден өтті. Қаралы хабарды америкалық продюсер Дэйв Боссерт Facebook-тегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды kznews.kz.
"Досымыз Роджер Аллерстің өмірден өткені туралы хабарды ауыр күйзеліспен қабылдадым. Өткен аптада ғана Мысырда жүрген кезінде хат алысып тұрған едік. Сондықтан бұл қаза тіпті сенгісіз көрінеді. Жаның жәннатта болсын, досым. Тағы бір жолығатын күн туар", – деп жазды Боссерт.
Продюсер марқұмды айрықша дарынды суретші әрі режиссер, сондай-ақ Disney анимациясының қайта өрлеу кезеңіндегі ең маңызды тұлғалардың бірі ретінде атап өтті.
Роджер Аллерс Disney студиясындағы шығармашылық жолын 1982 жылы жарық көрген "Трон" фантастикалық фильміне арналған алдын ала тұжырымдамаларды әзірлеуден бастаған. Кейін "Оливер және компания", "Русалочка" мультфильмдерінде суретші ретінде еңбек етіп, "Сұлу мен Құбыжық" жобасында оқиға желісіне жауапты жетекші маман болды. Уақыт өте келе ол "Арыстан патша" анимациялық фильмінің қосалқы режиссері атанды.
Дэйв Боссерт Роджер Аллерспен 1980 жылдардың соңы мен 1990 жылдар бойы көптеген жобада бірге жұмыс істегенін еске алды.
"2006 жылы жарық көрген "Шырпы сатқан қыз" жобасында бірлесіп еңбек еттік. Оның шынайы ықыласы, жомарттығы мен таңғалуға толы рухы айналасындағы жандардың бәріне шабыт сыйлайтын. Роджердің бойында ерекше жарық, мейірімге толы болмыс бар еді. Онсыз әлем бір сәтке сұрқай тартып қалғандай", – деді ол.
Марқұмның қазасына байланысты Disney продюсері Дон Хан, аниматор Дэйв Вудман және компанияның бас директоры Боб Айгер де әлеуметтік желілер арқылы көңіл айтты.