KZNews.kz
Жаңалықтар

«Жаның жәннатта болсын, бауырым»: Саят Исембаев жүрекжарды жазба жариялады

Дархан Тоқан
Суретте Мұрат Бисенбин мен Саят Исембаев. Фото: instagram.com/issembayevsayat

Бүгін қазақстандық актер Мұрат Бисенбиннің өмірден өткені белгілі болып, әріптестері мен көрермені әлеуметтік желіде көңіл айтып жатыр. Саят Исембаев та марқұммен бірге түскен суретін бөлісіп, қоштасу жазбасын жариялады, деп хабарлайды kznews.kz.

Мұрат Бисенбиннің қазасы туралы хабар тарағаннан кейін желіде оны еске алған жазбалар көбейді. «Рэкетир» фильмінде бірге ойнаған актер Саят Исембаев Мұраттың суретін жариялап, қысқа да нұсқа, бірақ жанға бататын сөз қалдырды.

«Керемет актер, бауырымыз Мұрат Бисенбин өмірден өтті. Жаның жәннатта болсын, бауырым», — деп жазды ол.

Еске салсақ, бұған дейін әлеуметтік желілерде оның ауруханаға түскені, жағдайының ауыр екені айтылған еді. Қазіргі таңда Мұрат Бисенбинмен қоштасу рәсімінің күні мен өтетін орны жөнінде нақты мәлімет жарияланған жоқ.

Марқұмның денсаулығына қатысты ақпарат өткен жылдың қыркүйегінде белгілі болған: Мұрат Бисенбин ұйқыбез қатерлі ісігіне шалдыққанын айтқан.

Ол Tengrinews.kz тілшісіне берген пікірінде диагноздың қалай қойылғанын, бастапқыда бұл жағдайды инфекциямен шатастырғанын жеткізген. Кейін биопсия қатерлі дертті растаған соң, Сызғанов атындағы хирургия орталығына ауыстырылғанын атап өткен.

Бисенбин жергілікті онкоорталықта бірнеше химиотерапия курсынан өткені айтылады. Таныстары емді шетелде жалғастыруға кеңес бергенімен, ауруына байланысты ол кейбір жобалардан бас тартып, түсірілімдерін уақытша тоқтатуға мәжбүр болған. Сол кезеңде әріптестері, отбасы, достары мен жақындарының қолдауы күш бергенін де жасырмаған.


Мұрат Бисенбин 1972 жылдың 11 қазанында дүниеге келген, Қызылорда өңірінің тумасы. Ол политехникалық институтты «ауыл шаруашылығының инженер-механигі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Көпшілікке «Рэкетир» фильміндегі Руслан рөлі арқылы кеңінен танылды.

Актердің фильмографиясында «Томирис», «Весь мир у наших ног», «Сказ о розовом зайце», «Братья», «Кто вы, господин Ка?» секілді бірқатар туынды бар.

Дархан Тоқан
Автордың басқа материалдары