Әлем

Жантүршігерлік оқиға: 9-сынып оқушысы 4-сынып оқушысын пышақтап өлтірген

Ayzhan Sylanova Ayzhan Sylanova
Жантүршігерлік оқиға: 9-сынып оқушысы 4-сынып оқушысын пышақтап өлтірген
Фото: exclusive.kz

17 желтоқсан күні Ресейдің Мәскеу облысында орналасқан Успен ауылындағы мектепте адам өлімімен аяқталған ауыр қылмыс тіркелді. Оқиға оқу орнының ішінде болған. Алдын ала деректерге сүйенсек, 9-сыныпта оқитын 15 жастағы жасөспірім алдымен мектеп дәлізінде бұрыш газын шашқан. Кейін ол күзет қызметкеріне және 4-сынып оқушысына пышақпен шабуыл жасаған, деп хабарлайды kznews.kz.

Шабуыл салдарынан ауыр жарақат алған 10 жастағы бала ауруханаға жеткізілгенімен, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күдікті — осы білім ордасында оқитын Тимофей К. есімді оқушы. Ол оқиға орнында ұсталып, уақытша қамауға алынды. Қазіргі таңда Ресейдің Тергеу комитеті аталған факті бойынша «кісі өлтіру» және «кісі өлтіруге оқталу» баптары аясында қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

Сонымен қатар Тәжікстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі қаза тапқан баланың Тәжікстан азаматы екенін ресми түрде растады. Марқұмның аты-жөні — Кобилджон Алиев. Ведомство таратқан мәлімдемеде бұл шабуылдың ұлттық араздық сипатында жасалуы мүмкін екені айтылып, жағдай Тәжікстан тарапының бақылауында екені атап өтілді.

Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы анықталып, мектептегі қауіпсіздік шаралары да тексерілуде.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz