Заңсыз лотерея ойнатып, 162 млн теңге тапқан Абай Бегейдің қызы мен күйеу баласы жазаланбайтын болды, деп хабарлайды kznews.kz Azattyq-ruhy.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл ақпаратты Қаржылық мониторинг агенттігі растады.
Гүлеркем Ниязқұлова ҚК-нің 214-бабы 2-бөлігі 2-тармағы бойынша «заңсыз бизнеспен айналысу» дерегімен тергелген. Агенттік мәліметінше:
«Аталған қылмыстық іс ҚК –тің 35-бабы 1-бөлігі 3-тармағына сәйкес амнистия актісіне байланысты Маңғыстау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті ақтамайтын негіздер бойынша істі тоқтатты хабарлайды», – делінген ресми жауапта.
Осылайша, ірі көлемде табыс тапқанымен, Абай Бегейдің қызы рақымшылыққа ілігіп, жауапкершіліктен босатылды.
Бұған дейін оның күйеуімен бірге Instagram, TikTok және Telegram арқылы лотерея ұйымдастырғаны белгілі болған. Олар тіркелмеген лотерея операторы бола тұра, пәтер, көлік және бағалы сыйлықтарды жүлдеге қойған. Билеттердің бағасы 500–50 000 теңге аралығында болып, 1 800-ден астам адам қатысқан. Тергеу олардың табысын 162 млн теңгеден асқанын анықтаған.
Қаржылық мониторинг агенттігі олардың мүлкі мен шоттарына шектеу қойса да, әлеуметтік желімен жұмыс істеуге тыйым салмаған. Гүлеркем жарнама жасап, парақшасын қолдануды жалғастырып жүр.