Атырауда өткен концерттен кейін әнші Төреғали Төреәлі ерекше жанкүйерінің тосын әрекетіне куә болды, деп хабарлайды kznews.kz.
Әсел Үтепбергенова есімді қыз өнер иесінің шығармашылығын ұзақ уақыттан бері үзбей бақылап келеді. Ол концерттеріне тұрақты қатысып, әлеуметтік желіде белсенді қолдау білдіріп жүрген жанкүйерлердің бірі.
Желіде тараған видеода қыздың қозғалып бара жатқан көліктің ішіндегі әншіні байқап қалып, артынан жүгіргені көрінеді. Кейін жүргізушіден терезені ашуды сұрап, сүйікті әртісін көрген сәтте қуаныштан эмоциясын жасыра алмай, айқайлап, қол созған.
Ал Төреғали Төреәлі бұл жағдайға күліп, таңданысын білдірген. Жанкүйер видеоны «Менің жарқыраған жұлдызым» деген жазбамен жариялаған.
Бейнежазба әлеуметтік желіде тез тарап, түрлі пікірлерге себеп болды. Көпшілік қыздың шынайы эмоциясына сүйсініп, оның ықыласына жылы лебіздерін білдірген.
Әселдің айтуынша, ол әншінің барлық әндерін жатқа біледі және әр концертке алдыңғы қатардан билет алып, бірге ән айтуға тырысады.