Қазақ боксшысы, WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының орнына WBA чемпионы Эрисланди Лараға жаңа қарсылас белгіленді. Оның жаңа қарсыласы – Венесуэладан келген боксшы Йохан Гонсалес, деп жазады Sportinside.kz.
ESPN журналисі X (бұрынғы Twitter) платформасында:
"PBC ақпаратты растады: Жәнібек Әлімханұлы VADA тексерісінен өте алмағаннан кейін, сенбі күні Лара Йохан Гонсалеспен шаршы алаңға шықпақ", – деп хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, орта салмақта үш белбеу сарапқа салынатын біріккен жекпе-жек 7 желтоқсанда Сан-Антониодағы (Техас, АҚШ) Frost Bank Center аренасында өтеді деп жоспарланған еді.
Алайда кейін Жәнібек Әлімханұлының допинг-тестінің оң нәтиже бергені туралы ақпарат таралып, кездесу ресми түрде тоқтатылды.
Айта кету керек, 27 жастағы Гонсалестің кәсіби рингтегі көрсеткіші – 36 жеңіс (оның 34-і нокаут) және 4 жеңіліс.