Алматыдағы ірі көшелердің бірі – Розыбакиев көшесіне жақында өмірден өткен ақын, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шахановтың есімін беру туралы бастама қоғамда қызу талқыланып жатыр. Белгілі заңгер Мейірман Шекеев осы мәселеге байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы өтініш жолдап, азаматтарды бұл ұсынысты қолдауға шақырды, деп хабарлайды kznews.kz.
Заңгер өз хатында қолданыстағы заңнамада тұлғаның есімін нысанға беру үшін белгілі бір мерзім қарастырылғанын атап өткен. "Тіл туралы" заңға сәйкес, қайраткердің есімін көше немесе басқа да нысанға беру үшін оның қайтыс болғанына кемінде бес жыл өтуі қажет. Мұхтар Шаханов 2026 жылғы 19 сәуірде дүниеден өткендіктен, бұл талап бастаманы бірден жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді.
Дегенмен Мейірман Шекеев бұл мәселені "ерекше жағдай" ретінде қарастыруды сұрап отыр. Оның айтуынша, бұған дейін де ел тарихында атау беру және көше атын өзгертуге қатысты ерекше шешімдер қабылданған. Заңгер Астана қаласының атауын өзгерту мен Алматыдағы Фурманов көшесінің қайта аталуын мысал ретінде келтірген.
Шекеевтің пікірінше, Мұхтар Шахановтың Желтоқсан оқиғасының шындығын айтудағы, мемлекеттік тілді қорғаудағы және ұлттық рухты көтерудегі еңбегі ерекше құрметке лайық. Сондықтан оның есімін Алматыдағы маңызды көшелердің біріне беру – ақынның ел алдындағы еңбегін бағалаудың бір жолы болмақ.