Жаңаөзен қалалық ауруханасында пышақ жарақатынан көз жұмған 29 жастағы терапевт-дәрігерге қатысты жаңа деректер белгілі болды. Емдеу мекемесі марқұмның аты-жөнін және еңбек жолын нақтылаған, деп хабарлайды Kznews.kz.
Аурухана таратқан мәліметке сәйкес, қаза тапқан дәрігер — Аманғалиев Нұрдәулет Құрманғазыұлы. Ол 1996 жылдың 13 тамызында Жаңаөзенде дүниеге келген, №9 мектептің түлегі.
Нұрдәулет Аманғалиев 2012-2016 жылдары Маңғыстау облыстық жоғары медициналық колледжінде фельдшер мамандығын меңгеріп, кейін білімін жалғастырған. 2017-2022 жылдары мемлекеттік грантпен Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінде «Жалпы медицина» мамандығы бойынша оқыса, 2022-2024 жылдары сол оқу орнында интернатураны тәмамдаған.
Еңбек жолын 2024 жылы Жаңаөзен қалалық №2 емханада бастап, кейін Жаңаөзен көпбейінді ауруханасында қызмет еткеніне бір жылдан асқан.
Полицияның алдын ала ақпараты бойынша, қылмысқа тұрмыстық жанжал түрткі болған, яғни оқиға дәрігердің кәсіби міндетіне байланысты емес. Күдікті өз еркімен полицияға барғаны айтылды. Ал жарақат алған дәрігерді әріптестері аман алып қалуға тырысқанымен, қан жоғалту салдары ауыр болған.
«Дәрігерге жедел түрде ота жасалды. Операцияны Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасынан санавиациямен лор дәрігер, реаниматолог, қан-тамыр хирургы шұғыл келіп жүзеге асырды. Бірнеше сағат өмір мен өлім арасында күрес болды. Алайда қанның көп жоғалуына байланысты әріптесімізден айырылып қалдық, - деді аурухана директорының міндетін атқарушы Марат Қайырғалиұлы.