Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласындағы ауруханада 29 жастағы терапевт дәрігерге шабуыл жасалып, ол алған жарақатынан қаза тапты, деп хабарлайды Kznews.kz.
Оқиға туралы ақпарат алдымен әлеуметтік желіде тараған. Мәліметке қарағанда, 28 қаңтар күні шамамен сағат 14:00-де белгісіз ер адам медицина қызметкеріне тап беріп, пышақ сұққан. Алдын ала дерек бойынша, бұл жағдай дәрігердің кәсіби міндетіне немесе емхана ішіндегі қызметіне тікелей қатысты емес.
Маңғыстау облысы полиция департаменті адам өлтіру дерегін растады. Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Полицияның алдын ала нұсқасында жанжалдың отбасылық-тұрмыстық қатынастар негізінде туындағаны айтылады. Оқиғадан кейін күдікті Жаңаөзен қалалық полиция басқармасына өз еркімен келіп, жасағанын мойындаған.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 99-бабының 1-бөлігі (“Адам өлтіру”) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.