Астанада блогерлердің соты жалғасты. Өзінің соңғы сөзінде айыпталушы Эльмира Төлегенова болған жағдай үшін жауапкершілікті түсінетінін және өкінетінін айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
«Біз болған жағдай үшін толық жауапкершілікті түсінеміз. Өзіміз үшін үлкен қорытынды жасадық, бұл біз үшін өмірлік сабақ болды. Заңды бұзғанымызға шын жүректен өкінеміз. Мен және жұбайым үшін бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындауларыңызды сұраймын», — деді Төлегенова.
Сондай-ақ айыпталушы сот кеңесу бөлмесіне кетпей тұрып процессуалдық келісім жасау туралы өтініш білдірді.
«Өз құқығымды пайдалана отырып, сіз кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін процессуалдық келісім жасау туралы өтініш білдіргім келеді. Бұл келісімнің барлық шарттары бізге түсіндірілді», - деді ол.
Судья бұл өтініш сот тергеуі аяқталғанға дейін берілуі тиіс екенін айтты. Алайда қорғаушы тарап мұндай өтініштерді сот процесінің кез келген кезеңінде беруге болатынын айтты. Нәтижесінде төрағалық етуші прокурорға келіп түскен өтінішті қарау үшін бір сағат уақыт берді.
Процессуалдық келісім — қарапайым тілмен айтқанда, әділет органдарымен мәміле. Айыпталушы өз кінәсін ресми түрде мойындап, айыптаумен келіседі, ал прокурор өз кезегінде жеңілірек жаза ұсынады. Мұндай келісім соттың гумандық танытуына мүмкіндік береді, мысалы, түрмеге қамаудың орнына бостандығын шектеу немесе айыппұл тағайындауға болады.
Танымал блогерлерге ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабы 2-бөлігі 2-тармағы («Заңсыз кәсіпкерлік») және 218-бабы 2-бөлігі 1-тармағы («Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)») бойынша айып тағылған.
Бұған дейін сот жарыссөздері барысында мемлекеттік айыптаушы Олжас Хайруллаев екі айыпталушыны да барлық тағылған айыптар бойынша кінәлі деп танып, мүлкін тәркілей отырып, ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сонымен қатар, Эльмира Төлегеноваға кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты үкімнің орындалуын бір жылға кейінге қалдыру ұсынылды.