Атырау қаласында 1950 жылы құрылыс жүргізілген "Мұнайшы" стадионы қайтадан реконструкцияланбақ, деп хабарлайды kznews.kz.
Атырау облысы әкімдігінің хабарлауынша жобаға 7,4 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаржының күшімен қолданыстағы үш трибуна бұзылып, олардың орнына заманауи жаңа мінберлер салынады. Сондай-ақ жылыту жүйесі бар жасыл алаң төселінеді.
Стадионның төрт бұрышында биіктігі 53 метрлік төрт жарықтандыру мұнара тұрғызылады. Кешен аумағында күрес, бокс, таэквондо, теннис залдары, медициналық және массаж бөлмелері, VIP-аймақтар, конференц-зал, телестудия, оператор бөлмесі және жанкүйерлер үшін барлық қажетті жағдай қарастырылады.
Әлбетте бұл жаңалық қала тұрғындарын қуантпай қоймады. Әсіресе футбол жанкүйерлерінен сүйінші сұрайтын ақпарат. Себебі "Мұнайшы" стадионы Республикадағы ең нашар алаңдардың бірі болған. Бұл жерде тіпті Қазақстан біріншілігіндегі ойындарды қабылдаудың өзі ұят болатын.
Алайда мұнайлы облыс орталығында заманауи жаңа стадион салатын уақыт әлдеқашан келген. Жанкүйерлер облыс әкімі Серік Шапкеновтен кем дегенде 20 мың халық сиятын, Еуропалық футбол клубтарын ұялмай қабылдай алатын стадион күткені жасырын емес. Себебі көрші Ақтөбе облысында 35 мың орындық суперзаманауи стадион құрылысы жүргізілмек.
Жақында Қызылордада да жаңа стадион құрылысы аяқталды. Оған 40 млрд теңге қаржы жұмсалды. Бұл көп ақша. Бірақ Атырауда Chevron секілді алпауыт компаниялар жұмыс істейді. Неге соларға қолқа салмасқа? Әлеуметтік жауапкершілік аясында облыс орталығына бір стадион салып беру мұндай әлемдік компания үшін ештеңе емес.
Атырау облысы Республикалық бюджеттің негізгі доноры. Сондықтан тұрғындардың жаңа стадион сұрауы заңдылық. Шапкенов мырза халықтың уәжін Астанаға жеткізе алса, онда құрылысқа қаржы бөлу де уақыт еншісіндегі дүние болып қала берер еді.
Айта кетейік "Мұнайшыны" реконструкциялау 2026-2028 жылдарға жоспарланған.