Институционалдық талдау және реформалар орталығының директоры Риззат Тасым бүгін күшіне енген Ата Заңымыз алдағы саяси-экономикалық және әлеуметтік өзгерістердің институционалдық негізін қалыптастырып отыр деп есептейді, деп хабарлайды kznews.kz.
Сарапшының айьуынша, қоғам сұранысының өзгеруі, жаңа сын-қатерлердің пайда болуы және халықаралық қатынастар жүйесінің түбегейлі трансформацияға ұшырауы бұрынғы Конституцияға енгізіліп келген жекелеген түзетулердің мүмкіндігі сарқылғанын көрсетті. Сондықтан қоғамда заман талабына жауап беретін, елдің ұзақ мерзімді даму мақсаттарына сай келетін жаңа Конституция қабылдау қажеттігі туралы кең ауқымды жалпыхалықтық талқылау өз уақытында басталды.
Осы тұрғыдан алғанда, бүгін күшіне енген Ата Заңымыз алдағы саяси-экономикалық және әлеуметтік өзгерістердің институционалдық негізін қалыптастырып отыр.
"Күшті Конституция ашық әрі айқын рәсімдерден тыс әрекет етуге үйренгендерге әрдайым қолайсыз. Өйткені заң үстемдігіне негізделген жүйеде бәріне ортақ қағидалар жұмыс істейді. Ал жұмыс істейтін қағидалар жауапкершілікті күшейтіп, мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен болжамдылығын қамтамасыз етеді. Бұл тұрғыда, әділеттілікке деген сұраныс бүгінде қоғамдағы ең басты қоғамдық сұраныстардың біріне айналды. Өткен жылдарда Қазақстан елеулі саяси әрі әлеуметтік тәжірибе жинақтады. Сол тәжірибе қоғамдық қатынастардың берік іргетасы дәл осы әділет қағидаты болуы тиіс екенін айқын көрсетті. Оған жауап ретінде жаңа Ата Заңда «Әділетті Қазақстан» идеясы басты бағдар ретінде айқындалды", - дейді ол.
Риззат Тасым жалпы азаматтарымыздың құндылықтық бағдарларын зерделеген кез келген әлеуметтанулық зерттеуге назар аударсақ, әділет ұғымы әрдайым ең маңызды құндылықтардың қатарынан орын алатынын айтады.
"Яғни бұл қоғам үшін кездейсоқ таңдау емес, ұзақ жылдар бойы қалыптасқан ортақ ұстаным. Сондықтан жаңа Конституция әділет құндылығын жаңадан ойлап тапқан жоқ. Керісінше, ол көп жылдар бойы жалпыхалықтық талқылаулар мен қоғамдық пікір алмасу барысында қалыптасқан қоғамдық консенсусты конституциялық деңгейде бекітті", - дейді саясаттанушы.