Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияның ел дамуына серпін беретінін атап өтті. Мемлекет басшысы бұл құжат Қазақстанның дамудың жаңа кезеңіне өткенін білдіретінін айтып, мемлекет пен азаматтар арасындағы өзара ықпалдастықты жаңғырту қажеттігін жеткізді, деп хабарлайды kznews.kz.
«Халық Конституциясы – стратегиялық сенім мандаты және ұзақмерзімді мақсаттар мен өрлеу жолына бастайтын жаңа қоғамдық келісім.
Сондықтан еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты деп сеніммен айтуға болады. Соған сәйкес, мемлекет пен азаматтардың ықпалдастығы қайта жаңғыруы қажет.
Өздеріңізге мәлім, былтыр қылмыстық жауапкершілікке тартылғандарға рақымшылық жасалды. Енді азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін бірқатар қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша тағы да рақымшылық жариялауға болады.
Елімізде әкімшілік істер бойынша рақымшылық алғаш рет жасалатынын атап өткім келеді. Парламент қазіргі сессияның соңына дейін тиісті заң қабылдауы керек. Бұл – Негізгі заңдағы адамгершілік идеалдары мен прогрессивті құндылықтарды қоғамда орнықтыратын маңызды қадам.
Жаңа Конституция – халқымыздың ынтымақ-бірлігінің жарқын символы. Оның баптарында әрбір қазақстандықтың арманы мен аңсары, ұрпағының баянды болашағына деген үміті мен сенімі көрініс тапқан.
Ата заң барша азаматтың – Отанымыздың шынайы патриоттарының басты бағдарына айналады.
Қазақстанның жаңа Конституциясы – әлемдік өркениеттің биігіне бет алған ұлтымыздың берік әрі мызғымыз тұғыры. Менің бұған ешқандай күмәнім жоқ. Сіздердің де шүбәларыңыз болмайды деп ойлаймын».
Айта кетейік, Ақордада Қазақстан Республикасының Конституциясын қабылдауға арналған салтанатты жиын өтті.
Іс-шараға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Премьер-министр Олжас Бектенов, Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай, Үкімет мүшелері, орталық мемлекеттік органдардың жетекшілері, облыс, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері, сондай-ақ Конституциялық комиссия мен Жалпыұлттық коалиция мүшелері қатысты.