Астанада Жаңа адамдар қозғалысының белсенділері ғаламтор арқылы 13 жасар қызбен танысып, онымен кинорумда кездеспек болған 29-дағы жігітті ұстап құқық қорғау органдарына тапсырды, деп хабарлайды kznews.kz.
Жаңа адамдар қозғалысының мүшелері әлеуетті қылмыскерлердің әрекетін әшкерелеу мақсатында арнайы эксперимент жүргізіп, желіде 13 жасар қыздың жалған парақшасын ашқан.
Көп ұзамай 1997 жылғы Тотан Илесбек есімді жігіт қызға түрлі мақтау сөздер жазып, оның сеніміне кіру арқылы оны кинорумда оңаша кездесуге шақырған.
Алайда белгіленген орынға қыздың орнына қоғам белсенділері барып, күдіктіге барлық дәлелдемелер мен жазылған хабарламаларды көрсеткен кезде ол өз қатесін бірден мойындаған.
«Мұндай қылмыс толықтай заң бойынша жазалануы тиіс», – деді ұсталған ер адам.
Ол заңның қатаңдығын мойындағанымен өзіне келгенде жеңілдік жасауды сұраған, дегенмен белсенділер оны жиналған айғақтармен бірге полиция қызметкерлеріне тапсырды.
Жыл ішінде 124-інші азаматтық науқанды өткізген ұйым өкілдері мұндай адамдардың балалармен байланыс орнатудағы тұрақты әрекеттерін анықтаған. Олар негізінен баланың сеніміне кіруге тырысады, өз пиғылын жасыру үшін түрлі айла жасап, виртуалды байланыстан шынайы өмірдегі кездесулерге тез көшуге ұмтылады.
Белсенділер балалардың қауіпсіздігі тек полиция немесе әке мен шешенің ғана емес, бүкіл қоғамның жауапкершілігі екенін ескертіп, әрбір адамның қырағылығы қайғылы жағдайдың алдын алатынын мәлімдеді.
Бұған дейін де қарапайым азаматтардың балаларға көмектескен оқиғалары тіркелген, мәселен Астанада Қазыбек есімді такси жүргізушісі кішкентай қыздың қасындағы ер адамның туған ағасы екеніне көз жеткізбейінше оларды көлікке мінгізуден бас тартқан. Ал Алматы облысында Тимур есімді тұрғын 8 жасар қызды күштеп алып кетпек болған күдіктіні тоқтатып қалған.
Қоғам белсенділері ересектерді барынша сақ болуға, балалармен ашық сөйлесіп, ғаламтордағы қауіптер туралы жиі түсіндіріп отыруға шақырады.