Заңгер Нұрсұлтан Орынбек әлеуметтік желідегі парақшасында сталкинг пен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңнаманың қолданылуы жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды kznews.kz.
Оның айтуынша, заңның негізгі мақсаты – жәбірленушілерді қорғау болғанымен, қазіргі таңда құқық қолдану тәжірибесінде ер азаматтардың құқықтары толық сақталмайтын жағдайлар кездеседі.
"Әйелдер құтырды. Сталкинг пен зорлықтың көкесі қазір әйелдерден жасалуда. Осы заңды қабылдаған депутаттар қараңыздар жағдайды. Қазір соттарда еркектерді адам құрлы көрмейді. Сотта өз дәлелін келтіруге мүмкіндік бермейді. Әділдік қайда?" – деп жазды заңгер.
Ол кейбір жағдайларда сот процестерінде ер адамдардың уәжі толық тыңдалмай, айыптау жағына ғана басымдық беріледі деген пікірін жеткізді.
"Заңның мақсаты қорғау еді. Бірақ бүгінде кейбір ер азаматтар сотта өз сөзін де айта алмайтын жағдайға жетті. Дәлел тыңдалмайды, айыптау ғана бар. Заң бір жыныстың емес, әділдіктің жағында болуы керек", – деді Нұрсұлтан Орынбек.
Сондай-ақ заңгердің сөзінше, абьюзер немесе сталкер ұғымдары тек ер адамдарға ғана қатысты емес. Оның пікірінше, мұндай құқық бұзушылықтарды әйелдер де жасауы мүмкін, сондықтан әрбір іс нақты дәлелдерге сүйене отырып, жеке қаралуы қажет.