Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданында Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектепке жүргізілуі тиіс күрделі жөндеу жұмыстары толық орындалмағанына қарамастан, құрылыс компаниясына негізсіз 78 миллион теңгеден астам қаржы аударылған, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұл заңбұзушылықты бюджет қаражатының жұмсалуына жүргізілген талдау барысында аудан прокуратурасы анықтады.
Қадағалау органының араласуынан кейін мемлекетке келтірілген шығын толық көлемде бюджетке қайтарылды. Сонымен қатар аудандық білім бөлімі, мердігер ұйым, авторлық және техникалық қадағалау мамандары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 317-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы сомасы 1,4 миллион теңге айыппұл салынды.
Прокуратураның ықпалынан кейін мердігер компания мектептегі күрделі жөндеу жұмыстарын толық аяқтап, нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға берген.