Жамбыл облысында құны 983,7 млн теңгеге салынған «Қарақат» каналының бетон қабырғасының бір бөлігі құлап, тұрғындар құрылыстың сапасына күмән келтірді, деп хабарлайды kznews.kz.
Әлеуметтік желіде тараған видеода жергілікті тұрғын каналдың бір бетон қабырғасы ішке қарай опырылып түскенін, ал екінші қабырғасында ірі жарықтар пайда болғанын көрсеткен. Оның айтуынша, бұл қабырға да кез келген уақытта құлауы мүмкін. Сондай-ақ шлюзді пайдалану да қиындап кеткен.
Видео авторы мердігерлер жоба бойынша қабырғаға жоғары және төменгі бөліктеріне екі-екіден арматура салынғанын айтқанымен, іс жүзінде тек екі арматура ғана пайдаланылғанын алға тартады. Оның пікірінше, құрылыс материалдарын үнемдеу нысанның беріктігіне кері әсер етіп, қабырғаның опырылуына себеп болған.
Ал аудан әкімдігі бұл жағдайға қатысты түсініктеме беріп, канал қабырғасының 21 маусым күні жауған нөсер жаңбырдың салдарынан құлағанын мәлімдеді. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, аудан әкімі мердігер ұйымдармен бірге нысанды аралап, барлық ақауды кепілдік міндеттемелері аясында қалпына келтіруді тапсырған.
Билік өкілдері қазіргі уақытта вегетациялық кезеңге қауіп жоқ екенін, шаруаларға су тұрақты беріліп жатқанын атап өтті. Қалпына келтіру жұмыстары егіс науқаны аяқталғаннан кейін, яғни 2026 жылдың тамыз–қыркүйек айларында жүргізіледі деп жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Жамбыл облысының 2021–2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, «Қарақат» каналының құрылысына бюджеттен 983,7 миллион теңге бөлінген.