Жамбыл облысының Шу станциясында жүк вагоны жаяу жүргіншіні қағып кетті. Ауыр жарақат алған әйел қазір жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Оқиға үш күн бұрын болған. Аудандық ауруханаға жеткізілген зардап шегуші әлі есін жимаған.
Оқыс жағдай Шу станциясындағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Кадрлардан теміржол бойымен жеке жүк вагонының қозғалып келе жатқанын көруге болады. Қас қарайған уақытта вагон арнайы жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан әйелді қағып кеткен.
Аталған дерек бойынша көлік полициясы теміржол көлігін пайдалану және қозғалыс қауіпсіздігі қағидаларын бұзу фактісімен қылмыстық іс қозғады.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Дәрігерлердің мәліметінше, әйел көптеген дене жарақатын алған. Ол әлі де жансақтау бөлімінде медициналық хаттамаға сәйкес ем қабылдап жатыр.