KZNews.kz
Аймақ

Жамбыл облысында 22 жасөспірім жаппай уланып, ауруханаға түсті

Дархан Тоқан
Фото: Ашық дереккөзі

Жамбыл облысының Меркі ауданында «Тұран» демалыс орнынан улану белгілері байқалған 12–17 жас аралығындағы 22 жасөспірім аудандық көпбейінді орталық ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Kznews.kz.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, оқиға 21 қаңтар күні сағат 22:40 шамасында тіркелген. Жасөспірімдер Қызылорда облысынан күрес түрінен оқу-жаттығу жиынына келген спортшылар екені нақтыланды. Дәрігерлер оларға алдын ала «этиологиясы анықталмаған гастроэнтерит» диагнозын қойған.

Аурудың нақты себебін анықтау үшін науқастардан және тағам өнімдерінен зертханалық сараптамалар алынған. Қазіргі таңда мамандар талдау қорытындыларын күтіп отыр. Аталған жағдай бойынша облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тексеру жұмыстарын бастаған.

Сонымен қатар факт Меркі аудандық полиция бөлімінде тіркеліп, құзырлы органдар тексеріс қорытындысына қарай тиісті процестік шешім қабылдайтыны хабарланды.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасымен оқиға орнына облыс әкімінің орынбасарлары Айжан Есмағамбетова мен Серік Сәлемов барып, жедел штаб отырысын өткізген. Әкімдік мәліметінше, балалар медициналық бақылауға алынып, қажетті шаралар атқарылып жатыр.

Демалыс орнына жалпы 103 жас спортшы мен 13 жаттықтырушы қоныстанған. Ауруханаға жүгінгендердің жағдайы жеңіл дәрежеде, денсаулықтары қалыпты, дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Ал демалыс орнындағы өзге балаларға медициналық тексеру жүргізіліп, ауру белгілері анықталмаған, профилактикалық шаралар жалғасуда.

Дархан Тоқан
Автордың басқа материалдары