Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов "Психологиялық қызмет туралы" заң Сенаттан өтіп, Президенттің қол қоюына жіберілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Депутаттың айтуынша, жаңа заң елдегі психологиялық қызмет саласын реттеп, өзін "психолог" деп таныстыратын жалған мамандардың әрекетіне тосқауыл қоюға бағытталған.
"Жалған психологтардың дәурені бітті. Бүгін біздің "Психологиялық қызмет туралы" авторлық заңымыз Сенаттан сәтті өтіп, Президенттің қол қоюына жіберілді", – деп жазды Асхат Аймағамбетов Instagram парақшасында.
Оның сөзінше, бұған дейін күйзеліске түскен адамдар әлеуметтік желіден күмәнді сертификаты бар "мамандарды" тауып, соңғы қаражатын жұмсағанымен, тиісті көмек ала алмай келген. Ал сала заңмен толық реттелмегендіктен, мұндай адамдардың жауапкершілігі нақты болмаған.
Жаңа заңға сәйкес, арнайы жоғары білімі жоқ және бірыңғай мемлекеттік реестрге тіркелмеген азаматтарға өзін "психолог" деп атауға тыйым салынады. Енді кез келген адам маманның реестрде бар-жоғын тексере алады.
Сондай-ақ дипломы жоқ адамдарға жарнамада "психолог" сөзін немесе соған ұқсас атауларды қолдануға рұқсат берілмейді. Мысалы, "психо-коуч", "психо-кеңесші" сияқты атауларды пайдалану шектеледі.
Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, бұл өзгерістер екі апталық курсты бітіріп алып, өзін психолог ретінде таныстыратын адамдардың қызметін заңмен шектеуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, әлеуметтік желідегі жарнама да бақылауға алынады. Психологтар өз қызметін жарнамалаған кезде реестрдегі тіркеу нөмірін көрсетуге міндеттелуі мүмкін.