Қазақстанда мұғалімдерге гүл алуға және мектеп бітіру кештеріне жиналатын қаражаттың шекті мөлшері енгізіледі
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Жалақымды кесіп тастады: Михаил Шайдоров тосын мәлімдеме жасады

Жалақымды кесіп тастады: Михаил Шайдоров тосын мәлімдеме жасады
Фото: Ашық дереккөз

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров жалақы мен дайындық процесіне қатысты мәселелер бар екенін мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.

Спортшының айтуынша, Олимпиададағы жеңістен кейін оның жалақысы тоқтап, жаңа маусымға дайындыққа байланысты белгісіздік туындаған.

– Олимпиада циклі төрт жылға созылады. Негізгі қолдау 2025 жылы, әлем чемпионатының күміс жүлдесін алғаннан кейін болды. Олимпиададан кейін жалақым жоқ. Алдымда жаттығу жиындары, жаңа бағдарламалар дайындау жоспары тұр. Бірақ қаржыландыру мәселесі нақты емес. Бір адам бір нәрсе айтады, екіншісі басқа жауап береді. 1 ақпаннан бастап дәрігерімді де алып тастады. Бұл мен үшін түсініксіз жағдай, – деді Михаил Шайдоров.

Сондай-ақ спортшы бұған дейін өзінің жалақысы туралы ақпараттың жария етілуін «еңбекті бағаламау» деп қабылдағанын айтты.

Осыған байланысты Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы ресми түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар және ақпан айларындағы жалақы бұрынғы келісім бойынша толық төленген.

– Наурыз айынан бастап жаңа Олимпиада цикліне байланысты жаңа еңбек шарты жасалуы жоспарланды. Құжатта спортшының жоғары мәртебесіне сәйкес қаржыландыру шарттары айтарлықтай жақсартылған. Қазіргі уақытта тараптар келісімшарттың заңдық тетіктерін талқылап жатыр. Сол себепті құжатқа қол қою процесі ұзарып кетті. Келісім рәсімделгеннен кейін төлемдер бірден қайта жалғасады, – делінген хабарламада.

Дирекция өкілдері спорттағы жоғары жетістіктер жүйесінде тиімділік көрсеткіштерін келісу халықаралық тәжірибеде қалыпты жағдай екенін атап өтті.

Сонымен қатар ведомство мемлекет Михаил Шайдоров алдындағы барлық міндеттемені толық орындайтынын жеткізді.

– Миландағы Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алғаны үшін спортшыға 250 мың доллар көлемінде сыйақы, Алматы қаласынан үш бөлмелі пәтер және қолданыстағы заңнамаға сәйкес өмір бойғы ай сайынғы мемлекеттік төлем қарастырылған, – деп мәлімдеді дирекция.

Айта кетейік, Михаил Шайдоров Миланда өткен қысқы Олимпиада ойындарында 291,58 ұпай жинап, Қазақстан тарихындағы мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды. Бұған дейін бұл спорт түрінен Қазақстанға жалғыз Олимпиада жүлдесін Денис Тен алып келген еді. Ол 2014 жылғы Сочи Олимпиадасында қола медаль жеңіп алған.

Автор
Азамат Қойшығара

М.Х.Дулати атындағы ТарМУ түлегі. Журналистика саласында 16 жылдан бері еңбек етіп келеді. Аймақтық, салалық, республикалық басылымдарда, интернет-порталдарда түрлі қызметтер атқарған. 2025 жылдан бері - kznews.kz сайтының тілшісі.