Ауылдастары зорлады деген күдік айтылған Наташа Қалымбетованың 30 жылдан астам уақыт бойы іздеп жүрген қызы табылған болуы мүмкін. Бұл туралы «НеМолчи» қоры жетекшісі Дина Тансари желіде мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Құқық қорғаушы Дина Таңсәрінің айтуынша, ақпарат кеңінен тарағаннан кейін командаға көптеген деректер келіп түскен және олар тексерістен өткен. Нәтижесінде табылған балалық шақтағы фотосуретті Наташа Қалымбетова бірден таныған. Қолда бар мәліметтерге сәйкес, бұл адамның шынымен оның қызы болуы мүмкін.
Бұған дейін қыз бала туғаннан кейін АҚШ-тағы отбасы асырап алынғаны туралы айтылған. Қазір қор ықтимал қыз бен оның отбасына құрметпен қарап, іздеуді тоқтатуға шақырып отыр.
Айта кетейік, 2 маусымда «НеМолчи» қоры ұйымдастыруымен Zoom арқылы өткен баспасөз мәслихатында Наташа Қалымбетова 30 жыл бұрын болған тағы бір оқиғамен бөліскен.
Оның айтуынша, 17 жасында ауылындағы төрт жігіт оны зорлап, Жайық өзенінің жағасына тастап кеткен. Бұл туралы ол биыл наурыз айында TikTok желісінде айтқан. Видео әлеуметтік желіде кең таралып, қаралымы 2 миллионнан асқан. Осыдан кейін Батыс Қазақстан облыстық полициясы 30 жыл бұрынғы зорлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған. Кейін Наташа Қалымбетова Орал қаласына келіп, полициямен бірге оқиға болған ауылға барып, түсініктеме берген. Ол тергеу жүріп жатқандықтан іс бойынша толық ақпарат бере алмайтынын айтқан.
Сонымен қатар оның айтуынша, сол оқиға салдарынан ол жүкті болып қалған, алайда перзентханада баладан бас тартуға мәжбүр болған. Себебі оған сол кездегі отбасылық және әлеуметтік қысым әсер еткен.