KZNews.kz
Қоғам

«Ысырапшылыққа жол жоқ»: Мүфтият жаназа мен құдайы астың мәзірін бекітті

Ayzhan Sylanova
Фото:zakon.kz

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жаназа мен құдайы ас барысында орын алатын ысырапшылдықты азайту мақсатында арнайы бірыңғай мәзір бекітті, деп хабарлайды kznews.kz.

Жаңа тәртіпке сәйкес, жаназа асында артық салаттар, торт, бәліш, жеміс-жидек секілді көп шығынды қажет ететін тағамдарды қоюға рұқсат етілмейді. Мүфтият ұсынған негізгі мәзір алты өнімнен тұрады:

нан түрлерінен – бауырсақ пен шелпек;

сусын ретінде – шай мен су;

ыстық тағам – ет немесе палау.

Қосымша ретінде сары май, тары-талқан, қант пен кәмпит ұсынылады. Ал тәтті бәліштер, салаттар, түрлі жемістер бұл тізімге енгізілмеген.

Имам Өмірзақ Бекқожаның айтуынша, исламда ысырапқа жол берілмейді, сондықтан ас беру – қонақты тойдыру үшін емес, жамағаттың дұға жасап, марқұмды еске алуына арналған қарапайым дәстүр ретінде қалуы тиіс.

«Мүфтият бекіткен ережені халыққа түсіндіру – әр имамның міндеті. Осылайша барлық өңірде жаназа дастарханы бірізденіп, қарапайымдыққа негізделеді деген үміт бар», – дейді имам.

Қазіргі таңда бұл талап Арқалық, Павлодар, Абай облыстары мен Жезқазғанда енгізілген. Имамдар мен дінтанушылардың пікірінше, қаралы үйде тағамның көптігі емес, адамдардың құрметі мен дұғасы маңызды. Ал бәсекеге ұмтылу мен ысырап — дәстүрдің мәнін жоғалтады.

Ayzhan Sylanova
Автордың басқа материалдары