KZNEWS.KZ
Спорт

"Ясмина – чемпион": Жеңіл атлетика федерациясы Ясмина Тоқсанбаеваға сыйақы төленетінін мәлімдеді

• Жарқын Омаров
Туризм және спорт министрлігі

Жапонияда өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында Ясмина Тоқсанбаева спорттық жүрістен марафондық қашықтықта 42,195 шақырымды 3 сағат 22 минут 20 секундта жүріп өтіп, мәреге бірінші болып жетті, деп хабарлайды kznews.kz.

Алайда жарыстан кейін оның аяқ киіміне қатысты наразылық беріліп, нәтижесі жойылды. Қазақстанның Жеңіл атлетика федерациясы бұл шешімге шағым түсіргенін мәлімдеді.

«World Athletics ұйымының рұқсат етілген аяқ киімдер тізімінде ASICS бренді көрсетілген. Алайда, Ясмина жарыста пайдаланған аяқ киімнің нақты моделі аталған тізімде болмаған. Сонымен қатар, жарыс басталғанға дейін спортшының аяқ киімі тексеріліп, жарысқа қатысуына рұқсат берілген», – делінген мәлімдемеде.

Федерация өз жауапкершілігін де мойындап, халықаралық жарыстарда техникалық талаптарды сақтау мен спортшылардың құқықтарын қорғауды күшейту қажет екенін атап өтті.

«Біз үшін Ясмина – чемпион. Федерация оны қолдауды жалғастырады. Біздің жіберген шағымымыз бен наразылығымыздың нәтижесіне қарамастан, чемпионға тиесілі барлық сыйақы Федерацияның өз қаражаты есебінен толық көлемде төленеді», – деп мәлімдеді федерация.

Айта кетейік, бұған дейін Ясмина Тоқсанбаеваның алтыннан айырылуына себеп болған аяқ киім туралы жазған едік.

Жарқын Омаров
C.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінің түлегі. Журналистика саласында 20 жылдан бері еңбек етіп келеді. Салал...
Автордың басқа материалдары →