Швециялық актер әрі музыкант Бьёрн Андресен 70 жасында қайтыс болды, деп хабарлайды Dagens Nyheter басылымы. Оның өлімі туралы ақпаратты режиссер Кристиан Петри растаған.
1955 жылы Стокгольмде дүниеге келген Бьёрн Андресен кино әлеміне ерте жастан қадам басқан. Ол алғаш рет 1970 жылы швед режиссері Рой Андерссонның «Махаббат тарихы» (En kärlekshistoria) фильмінде ойнады. Дегенмен актерге әлемдік атақ 1971 жылы италиялық режиссер Лукино Висконтидің «Венециядағы өлім» (Death in Venice) фильмі арқылы келді. Бұл туынды Томас Манның әйгілі новелласының желісімен түсірілген болатын.
Фильм жарыққа шыққаннан кейін режиссер Висконти Андресенді “XX ғасырдың ең әдемі баласы” деп атады. Сол сәттен бастап оның бейнесі сұлулық пен нәзіктік символына айналды.
Кейін актердің тағдыры мен танымалдықтан кейінгі өмірі туралы швед режиссерлері Кристиан Петри мен Кристина Линдстрём «Әлемдегі ең әдемі бала» (The Most Beautiful Boy in the World) атты деректі фильм түсірді.
Бьёрн Андресен өнер мен даңқтың адам жанына түсіретін ауыртпалығын бірнеше сұхбатында ашық айтқан. Ол соңғы жылдары музыкамен және ұстаздықпен айналысқан.
Актердің өлімінің себебі жарияланған жоқ.