Танымал әнші Ерке Есмахан әлеуметтік желідегі оқырманының жан сырын оқып, оның хаты өзіне қатты әсер еткенін айтты. Өнер иесі өзінің желідегі оқырманы әйелге қолдау білдіріп, бағалы сыйлық тарту ететінін айтты, деп хабарлайды Kznews.kz.
Әнші алдымен өз сторисінде денсаулығы сыр беріп тұрғанын, соған қарамастан анасын барып көруге жиналып жатқанын жазған. Сондай-ақ ол жолдасының өз анасына, жеңгесіне және балдыздарына арнайы гүл таңдап алып жүргенін айтып, мұндай қамқор жарға шүкіршілік ететінін айтқан.
Осы жазбадан кейін желі қолданушыларының бірі Еркеге өз басындағы жағдайды ашық жазған.
"Жақсы жар жолыққан қандай жақсы, бақыттысыз! Бүгін мерекеге алтын алқа сұраймын деп қатты ауыр сөздер естіп, жүрегім ауырып отыр", - деп жазды әншіге желі қолданушысы.
Бұл хат әншінің жүрегіне қатты тиген. Ерке Есмахан әлгі келіншекке жай ғана жұбату сөз айтып қоймай, оған бағалы сыйлық жасайтынын мәлімдеді.
"Қыздарым, барлықтарыңызға бақытты сәттеріңіз көп болуын тілеймін. Мейрамда да, қарапайым күндерде де өміріңізді қуанышқа толтырып жүретін қастарыңызға нағыз ер жігітті де тіледім. Мына қыздың хаты жүрегіме батты. Сол үшін алтын емес, бриллиант набор менің атымнан болсын деп сүйіншілетейін. Ал күйеуіңіз келесі 8 мартқа керемет сыйлық алып беретініне күмәнім жоқ. Ренжіспей, бақытты болыңыздар", - деп жазды Ерке Есмахан.
Әншінің бұл әрекеті желіде жылы қабылданды. Ал хат иесі болса, күтпеген қолдау үшін көзіне жас алғанын жасырмай, алғысын жаудырды.
"Ерке ханым, осы кезде қалай жылап отырғанымды білсеңіз ғой, негізі сыйлық күтпеп едім. Тек ішкі күйімді айтып, босатайын деген оймен жазып едім. Рахмет сізге, Алланың құдіреті шексіз екен ғой! Алла сізге мың еселеп берсін, Ерке ханым!", - деп жауап қатты желі қолданушысы.