Нидерландыдағы Radboudumc медициналық орталығының 12 қызметкері хантавирус жұқтырған науқаспен жұмыс істеу кезінде жіберілген қателіктен кейін карантинге оқшауланды, деп хабарлайды kznews.kz.
RTL Nederland хабарлауынша, хантавирус жұқтырған науқас 7 мамырда Неймеген қаласына жеткізілген. Ол бұған дейін вирус ошағы тіркелген голландиялық MV Hondius круиз кемесінде болған. Ауруханаға түскен кезде одан қан талдауы алынған, алайда зертхана қызметкерлері оны кәдімгі тәртіппен өңдеген. Кейін аурухана басшылығы мұндай вируспен жұмыс істеуде қауіпсіздік шаралары әлдеқайда қатаң болуы тиіс екенін мәлімдеді.
9 мамырда науқастың зәрін жою барысында да жаңартылған халықаралық талаптардың сақталмағаны анықталған. Осыдан кейін 12 қызметкер алты аптаға профилактикалық карантинге жіберілді. Дәрігерлердің айтуынша, вирус жұқтыру қаупі төмен.
Хантавирус — өкпе мен бүйректі зақымдайтын ауыр инфекция тудыратын вирустар тобы. Ауру өте жылдам өршіп, көп жағдайда өлімге әкелуі мүмкін.
Көбіне бұл вирус адамға кеміргіштерден жұғады. Әсіресе, жұқтырған жануарлардың бөлінділері кепкеннен кейін ауаға тараған ұсақ бөлшектерді тыныс арқылы жұту қауіпті саналады. Алайда хантавирустың Оңтүстік Америкада таралған «Андес» деп аталатын түрі адамнан адамға да берілуі мүмкін екені ғылыми түрде дәлелденген.
MV Hondius круиз кемесіндегі хантавирус ошағы мамыр айының басында тіркелді. Кеме Аргентинадан Канар аралдарына қарай Оңтүстік Атлантика арқылы бағыт алған. Бортта түрлі елден келген шамамен 150 адам болған.
10 мамырда Тенерифе аралы аралында MV Hondius жолаушыларын эвакуациялау басталды. Жағаға түскен барлық турист вирусқа тексеруден өтті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мәліметінше, лайнердегі жолаушылар арасында хантавирус жұқтырудың тоғыз жағдай тіркелген. Бортта үш адам көз жұмған – Нидерландтан келген ерлі-зайыпты және Германия азаматы.
Бұдан бұрын Әлем елдері MV Hondius круиздік лайнерінің жолаушыларын іздестіріп жатқаны хабарланған. Кемеде қауіпті хантавирус індеті тіркелгеннен кейін кейбір жолаушылар инфекция туралы ақпарат жария болмай тұрып лайнерден түсіп кеткен. Қазір олардың нақты қайда жүргені белгісіз. Аралық аялдамадан түскен 40-қа жуық адамның арасында қаза тапқан азаматтардың бірінің жұбайы да болған.
АҚШ билігі індеттің таралу қаупіне байланысты бірнеше штатта медициналық бақылауды күшейтіп, карантин шараларын қолға алды.