Халықты жұмыспен қамту қағаз жүзінде ғана ма?
RU KZ
476.81
528.4
5.21

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 702 6094955
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 702 6094955

Біздің әлеуметтік желілер

Халықты жұмыспен қамту қағаз жүзінде ғана ма?

Халықты жұмыспен қамту қағаз жүзінде ғана ма?
Фотоиллюстрация: Kznews.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылдың қорытындысын шығарды.

Құзырлы органның мәліметінше, былтыр жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларының нәтижесінде 306,2 мың адам қамтылып, 912,8 мың жұмыссыз тұрғын "екі қолға бір күрек" ұстаған.

Алайда, сала министрлігінің бұл цифрларынан елдегі жұмыссыздықпен күрес жұмысының айтарлықтай нәтижелі болмағанын байқауға болады. Тіпті, ел ішіндегі ресми жұмыссыздық статистикасы көрсетілген сандарға мүлдем кереғар болуы мүмкін. Ресми дерекке қарасақ, тұрғындардың жұмыспен қамтылуы мен жалпы жұмыссыздық деңгейі арасындағы деректер бір-бірінен алшақ сияқты. Мысалы, Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес 2024 жылдың соңында жалпы жұмыспен қамтылғандардың саны 9,04 миллион адамға жеткен. Бұл экономикалық белсенді халыққа шаққандағы жұмыспен қамтудың деңгейі 65 пайызға жеткенін білдіреді екен.

Ал тәуелсіз сарапшылар 2024 жылдың соңы мен 2025 жылдың басында елдегі жұмыссыздық үлесі белсенді тұрғындардың 4,7 пайызы деңгейінде тұрақтағанын айтады. Бұл цифрды Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесі де растайды. Яғни, жұмыспен қамтылғандардың жылдық үлесі шамамен 449,8 мың адам болған.

Мұнан бөлек, ресми статистикада 2025 жылдың алғашқы тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайыз болды деген де мәлімет бар. Ал былтырғы III тоқсанда жұмыспен қамту үлесі 15 жастан асқан халық санына шаққанда жыл басындағыдай деңгейде, яғни 95,4 пайызды құраған. Ал жыл ортасындағы жұмыссыздық деңгейі Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесі бойынша да сондай, 4,6 пайыз болған. Сонда 2025 жылдың алты айы аралығындағы өсім мен ауытқу жоқ болып шығады. Ал 2024 жылмен салыстырғанда 1 пайыз шамасында ғана өзгеріс бар екен.

Екіншіден, министрліктің есептік көрсеткіштерінде нақты немесе тұрақты жұмыспен қамтылғандар саны жеке жүргізілмейтіндігі байқалады. Яғни, жыл бойғы еңбек нарығындағы сұранысты жабу мен жұмыспен қамтудың ішіне уақытша, маусымдық немесе әлеуметтік жұмыспен қамту бағдарламалары арқылы орындалатын әрекеттер де кіріктіріліп, есепке алынады-мыс. Мысалы, мансап орталықтарына тіркелген адамдардың қысқа мерзімді тренингтерге қатысу кезеңі мен қоғамдық жұмыстарға тартылу барысын да жалпы статискаға қосу үрдісі қалыптасқан. Әрине, бұл жағдай формалды түрде "жұмысқа орналастыру" ретінде есептеледі, бірақ адамдар шынайы, тұрақты жұмыспен қамтылмауы мүмкін. 

Айтпақшы, дүниежүзі бойынша халықтың экономикалық белсенділігін және тұрақты жұмыспен қамтылуын өлшейтін Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесі мемлекеттегі жұмыссыздықпен күрестің нәтижесіне тек тұрақты жұмыс іздеп жүрген және таппаған адамдарды есептеп, қосады екен. Есесіне, министрлік жариялайтын есептік көрсеткіштерде "жүздеген мың адам қамтылды, жүз мыңдаған адам жұмысқа орналасты" деп, жыл сайын, тіпті, тоқсан сайын айтылып келеді.

Бұлай болған жағдайда елдегі жұмыссыздықпен күрес неге нәтижелі емес?

Бұл сұрақты жалпы жұмыссыздық деңгейінің 2024–2025 жылдар бойынша 4,6–4,7 пайыз аралығында өзгеріссіз сақталып отыруы да қоюландыра түседі.

Айтпақшы, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі есеп бойынша, 2025 жылдың ақпан айында тіркелген жұмыссыздар саны бойынша еліміз одақтастар арасынан жоғары орынға көтерілген-мыс...

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.