Қызылорда тұрғыны полиция қызметкерлері өзіне айыппұл салғанын айтып, әлеуметтік желіде шағымданған. Алайда облыстық полиция департаменті тұрғынның бұл мәлімдемесін жоққа шығарды, деп хабарлайды kznews.kz.
Бойжеткен жеке парақшасында полиция қызметкерлерінің әрекетіне наразылығын білдіріп, көлікпен қозғалғаны үшін айыппұл салынғанын айтқан.
«Қозғалып қалсаң, штраф сала бере ме сонда? Біздің құқықты неге таптай береді? Неге халықты штрафпен қорқыта береді?» – деп жазған ол.
Кейін тұрғын оқиғаның жалғасын жариялап, полиция қызметкерлері өзіне қысым көрсеткенін мәлімдеді. Оның видеосы әлеуметтік желіде тарағаннан кейін жағдайға Қызылорда облысының полиция департаменті түсініктеме берді.
Полицияның мәліметінше, оқиға түнгі сағат 01:00 шамасында болған. Патрульдік полиция қызметкерлері терезесі ашық тұрған көлікке назар аударған. Көліктің ішінде музыка қатты қойылып, қыздардың дауыстап сөйлескені анықталған.
Тәртіп сақшылары көлікке жақындап, құжаттарды тексерген және өздерінің қандай себеппен келгенін түсіндірген. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, тұрғынға тек ауызша ескерту жасалып, кейін көліктен кетуіне рұқсат берілген.
«Оған ешқандай айыппұл салынған жоқ және әкімшілік жауапкершілікке тартылмады», – деп мәлімдеді полиция департаменті.
Сот шешімімен әлеуметтік желіде жариялаған жазбаларына қатысты дауға қалған қыз әкімшілік қамауға алынды. Бұдан бөлек, оған бірнеше әкімшілік айыппұл салынып, ресми ескерту жасалды.
Құқық қорғау органдары қабылдаған шаралардан кейін қыз әлеуметтік желідегі даулы жарияланымдарын өшірген.
Бұған дейін ол желіде өзін «күлгені үшін» жауапкершілікке тартты деген ақпарат таратып, бұл арқылы қоғам арасында жаңсақ пікір қалыптастырған. Сондай-ақ жарияланымдарында мемлекеттік органдар өкілдеріне құрметсіздік танытқаны айтылды.