Хоккейден Қазақстан құрамасы әлем элитасына қайта оралды
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Халықаралық валюта қоры: Қазақстанда ЖІӨ 20 пайызға өсті

Халықаралық валюта қоры: Қазақстанда ЖІӨ 20 пайызға өсті
Фото: AI көмегімен жасалған.

Халықаралық валюта қорының сәуір айындағы есебі жарияланды. Онда әлем елдерінің экономикалық жағдайы сараланған. Әсіресе мемлекеттердің жалпы ішкі өнімінің өсіміне қатысты талдау жасалыпты. 

Аузы дуалы ұйым сарапшыларының пікірінше, әлемнің орта даму деңгейіндегі елдерінің арасында Қазақстанның қарқыны айтарлықтай екен. ХВҚ мәліметінше, еліміздің жан басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 17 мың доллардан асқан көрінеді.

Халықаралық валюта қорының сәуір айындағы әлемдік экономикалық шолуында Қазақстан экономикасына қатысты назар аударарлық дерек жарияланды. Соңғы есеп бойынша елімізде жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 17 500 АҚШ долларына жеткен.

Жалпы, жан басына шаққандағы ЖІӨ елдегі бір жылда өндірілген барлық тауар мен қызметтің жалпы құнын халық санына бөлетін көрсеткіш. Қарапайым тілмен айтқанда, экономикада өндірілген байлықтың бір адамға шаққандағы көлемін көрсетеді. Сондықтан бұл көрсеткіш мемлекеттердің өмір сүру деңгейі мен экономикалық тиімділігін салыстыруда маңызды деп саналады.

Салыстыру үшін айтсақ, 2025 жылы ХВҚ Қазақстан бойынша бұл көрсеткішті 14 770 доллар деп бағалаған еді. Бір жылдың ішінде өсім шамамен 20 пайызға жуықтап отыр.

Бұл халықаралық сарапшылар Қазақстан экономикасындағы сапалық өзгерістерді байқап отырғанын аңғартады. Демек, ел экономикасы әлемдік орташа өсімнен жоғары қарқын көрсетіп келеді. Әсіресе, Орталық Азиядағы көрші елдердегі жағдаймен салыстырғанда біз көш ілгеріміз. Мысалы, бұл көрсеткіш Өзбекстанда 4660 доллар болса, Қырғызстанда 3200 доллар жәнеТәжікстанда 1940 доллар шамасында екен.

Осылайша, Қазақстан аймақта ЖІӨ көлемі бойынша да, жан басына шаққандағы көрсеткіш бойынша да көшбасшы орнын сақтап отыр.

Сарапшылар мұны экономиканың біртіндеп әртараптануымен байланыстырады. Өңдеуші өнеркәсіптің үлесі артқан сайын экономика сыртқы күйзелістерге төзімді бола түсуде дейді. Әлемдегі тұрақсыздыққа қарамастан негізгі көрсеткіштердің төмендемеуі де осыны көрсетеді-мыс.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.