Даркнетте хакер Қазақстанның 15 млн тұрғынының жеке деректерін сатылымға шығарғанын айтты. Бұл ел халқының шамамен төрттен үшіне тең. Бұл туралы Mash жазды, деп хабарлайды kznews.kz.
Басылым мәліметінше, shymzz13 деген лақап атпен тіркелген қолданушы файлды 0,5 биткоинге, яғни шамамен 32 мың долларға бағалаған. Сатушы деректер базасын мемлекеттік eGov сервисін бұзу арқылы алғанын мәлімдеген.
Көлемі 2,7 гигабайт болатын файлда шамамен 47 млн жол бар делінеді. Онда төлқұжат деректері, телефон нөмірлері, электронды пошта мекенжайлары, жұмыс орны туралы ақпарат, құжаттардың скан-көшірмелері және құпиясөздер болуы мүмкін.
eGov жүйесінде бұған дейін де қауіпсіздік мәселелері болған. Тамыздың басында кей қолданушылар жүйеге кірген кезде басқа азаматтардың жеке парақшалары ашылып кеткенін хабарлаған. Ал көктемде қазақстандық қаржыгер eGov арқылы компания тіркегеннен кейін бірнеше сағаттан соң жарнамалық қоңыраулар ала бастағанын айтқан.
Киберқауіпсіздік мамандары егер ақпараттың тарағаны расталса, деректердің алаяқтардың қолына түсіп, азаматтарға телефон арқылы шабуыл жасау үшін пайдаланылуы мүмкін екенін ескертеді.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі қазіргі уақытта бейінді қызметтермен бірлесіп жарияланған ақпаратқа техникалық тексеру жүргізіліп жатқанынын мәлімдеді.
"Қазіргі таңда электрондық үкіметтің ақпараттық жүйелерінің бұзылғаны және аталған деректер базасының тікелей eGov жүйесінен алынғаны туралы расталған ақпарат жоқ. Сонымен қатар жарияланымдарда көрсетілген ақпараттың бір бөлігі электрондық үкімет деректерінің құрылымы мен форматына сәйкес келмейтінін атап өтеміз. Атап айтқанда, eGov жүйесінде жарияланымдарда көрсетілген форматтағы паспорттардың скан-көшірмелері сақталмайды, ал цифрлық құжаттардың форматы өзгеше. Даркнет пайдаланушысының деректер базасының шығу тегіне қатысты мәлімдемесі eGov жүйесінің бұзылғанын растайтын дәлел бола алмайды. Техникалық тексеру жалғасуда. Оның қорытындысы бойынша қосымша ақпарат беріледі", - делінген министрлік хабарламасында.
Айта кетейік, 11 тамызда Үкімет eGov порталының жаңартылған нұсқасы іске қосылғанын хабарлады.