Ресейдегі логистикалық орталықтарға жасалған бірқатар шабуылдан кейін Wildberries Қазақстаннан қосымша қойма орындарын іздей бастады. Компанияға шамамен 100 мың шаршы метр қойма алаңы қажет, деп хабарлайды kznews.kz.
Бұл туралы «Коммерсантъ» жылжымайтын мүлік нарығындағы сарапшыларға сілтеме жасап жазды. Басылым дереккөздерінің мәліметінше, маркетплейс Қазақстандағы бос қойма орындарын зерттеп, қолжетімді нысандардың едәуір бөлігін жалға алуды жоспарлап отыр.
«Осылайша маркетплейс өз қуаттарының бір бөлігін дрон шабуылынан қорғауды көздейді», – деп жазады «Коммерсантъ».
Wildberries бұл ақпаратты тікелей растаған жоқ. Компания өкілдері логистикалық желіні дамытуды жалғастырып жатқанын ғана хабарлады. Мәселен, Алматыда аумағы 100 мың шаршы метрден асатын қойма салынып жатыр. Ал Астанада 160 мың шаршы метрлік логистикалық орталық бой көтеруде.
Еске сала кетейік, соңғы бірнеше аптада Ресейдегі Wildberries-тің бірнеше логистикалық орталығы дрондардың шабуылынан зардап шеккен.