АҚШ-тың беделді The Washington Post басылымында Дженнифер Мюллердің бастауымен Маңғыстау облысы туралы көлемді мақала жарияланды, деп хабарлайды kznews.kz.
Автор осы туындысы арқылы өңірді әлемдегі ең тосын әрі аз танылған туристік бағыттардың бірі ретінде, ал бұл аймақты «Жібек жолының айға ұқсас пейзаждары» деп сипаттайды. Шөл мен жартас, кең жазық пен ақтасты шыңдар қатар кездесетін Маңғыстаудың табиғаты өзге ешбір жерге ұқсамайды. Мұнда Бозжыра шатқалы, Жығылған ойпаты, Торыштағы «шар тастар алқабы» сияқты бірегей геологиялық нысандарды сөз еткен. Бұл жерлер миллиондаған жыл бұрын теңіздің түбі болған, сондықтан бүгінге дейін теңіз жануарларының қазба қалдықтары сақталған.
Мақалада өңірдің тек табиғаты емес, тарихи маңызы да айтылады. Маңғыстау – көне Жібек жолының бойында орналасқан, мұнда ежелгі керуен-сарайлар, сопылық ғибадатханалар, жерасты мешіттері мен көне қорымдар бар. Бұл нысандар мың жылдан астам уақыт бойы сақталып, өңірдің бай рухани мұрасын көрсетіп отыр.
Журналист сапары барысында Маңғыстауға еуропалық және азиялық туристер келе бастағанын байқағанымен, америкалық саяхатшылардың бұл өңірді әлі толық ашпағанын атап өтеді. Жергілікті гидтердің айтуынша, бұл аймақ шетелдіктер арасында әлі де «жасырын маржан» саналады.
«Біз тамашалаған алқап ерте замандарда Тетис мұхитының астында болған. Кейін жер қабаттары қозғалып, Пангея ыдырап, су шегінді. Мыңдаған жылдар бойы табиғат алып геологиялық тас мүсіндерді қалыптастырды. Жазықтың ортасынан қылыштай үшкір жартас-құздар, кең үстірттер мен иілген күмбездер бой көтереді. Бұл өңірдің ұзақ уақыт бойы қуаң әрі шөлді болып келгені соншалық — миллиондаған жылдық тарихтың ізі әлі күнге дейін анық көрінеді», — деп жазады мақала авторы.
Мақала соңында Каспий жағалауындағы Ақтау қаласы өңірге кіретін негізгі қақпа ретінде сипатталады. Осы қала арқылы туристер Маңғыстаудың жабайы табиғаты мен тарихи ескерткіштеріне жол тартады.
The Washington Post Маңғыстауды тыныштықты, кең даланы және адам қолы тимеген табиғатты іздейтіндер үшін нағыз ерекше аймақ ретінде ұсынады. Бұл өңір болашақта әлемдік туризм картасындағы ең тартымды мекендердің біріне айналуы мүмкін екені атап көрсетіледі.